Birgemiz: Түрме қызметкерлері тыл ардагерінің үйіне барып көмектесті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЕЦ-166/11 түзету мекемесінің қызметкерлері «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде Жеңістің 75 жылдығына орай тыл ардагері Людмила Мирошниченкоға азық-түлік жетізіп, үй шаруасына көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Людмила Трофимовна Чернигов облысында туған. Соғыс басталған кезде жасы 9-да болған, 11 жасында анасымен бірге Степанакерт қаласындағы майдангер әкесіне барып, сонда парашют тігетін фабрикада еңбек еткен. Соғыс аяқталған соң 1952 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Кейін 1963 жылы Ақмола облысының Заводской кентіне көшіп келеді.

«Содан бері тапжылмастан осы ауылда тұрып келемін», – дейді қария.

Ол құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өзінің әріптесі санайды. Людмила Трофимовна жолдасы Яков Моисеймен бірге 1963-1982 жылдар аралығында өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен.

«Мен кіші сержант дәрежесінде, диспетчер лауазымында қызмет істедім, – деп еске алады қария. – Қанша жыл өтсе де, барлығы кеше ғана болған сияқты. Ұмытпай келіп, көмектесіп жатқандарыңызға алғысым шексіз. Сіздерді көріп қуанып қалдым».

Жеңіс күні қарсаңында тыл ардагерінің үйіне барған ЕЦ-166/11 түзету мекемесінің қызметкерлері қарияны азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, үйінің іші мен ауласын жинастырып көмектесті. Сонымен бірге, қарияға коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қауіпсіздік шаралары туралы айтып түсіндірді.

«Соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толса да, сол сұрапыл соғыста жауды жеңуге үлес қосқан майдангерлеріміз бен тыл ардагерлерінің ерлігі өскелең ұрпақтың мәңгі жадында сақталған. Оларға қамқорлық көрсету – өскелең ұрпақтың парызы» дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.


Соңғы жаңалықтар