«Birgemiz: Úmit»: Алматылық волонтерлер қандай жұмыстар жүргізіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Birgemiz: Umit» атты жалпыұлттық жоба волонтерлерді жұмылдыруға арналған. Олар жоғалған адамдарды іздеуге, зілзала қауіп-қатерін азайтуға, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көмектеседі. Волонтерлер лигасының Алматы қаласы филиалының жетекшісі Бағдат Анарбаева ҚазАқпарат тілшісіне мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді.

Оның айтуынша, алматылық волонтерлер қалалық Төтенше жағдайлар және қалалық полиция департаментінің өкілдерімен үнемі кездесіп тұрады. Сонымен қатар, олар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

«Қазақстан волонтерлер лигасы» ҚҚ еріктілері адамдар көп жиналатын жерлерде алдын алу шаралары мен карантиндік жағдайда маска режимін сақтау туралы айтып, түсіндіреді. Біздің волонтерлер халық арасында таулы аймақта, төтенше жағдай кезінде, жеке секторларда өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Біз аптасына бірнеше рет Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына шығамыз. Кесте бойынша барлық ауданды қамтимыз. Қорғаныс құралдарымен жабдықталған 15 волонтер атсалысады. Олар карантиндік нормаларды сақтай отырып түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізу керектігін біледі», - дейді Бағдат Анарбаева.

Ол Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен екі жылға жуық жұмыс істеп жатқандарын тілге тиек етті.


«Бізде тренингтер өтеді. Ақпарат беретін парақшалар, брошюралар дайындаймыз. Онда қауіпсіздік шаралары туралы жазылған. Волонтерлер барлық жұмысты ТЖД қызметкерлерімен біргіп жүзеге асырады.Ол үшін арнайы үш апталық оқу курсын оқып шыққан. Олардың қолында сертификат пен осы бағытта жұмыс істейтіндігін растайтын арнайы бейдждері бар», - деп қосты спикер.

Сонымен қатар, ол осы жоба шеңберінде жоғалған адамдарды іздеу және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету бойынша іс-шараларға қатысатындарын атап өтті.

«Біздің қыз-жігіттер алғашқы медициналық көмек көрсету курстарынан өтті. Түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырамыз. Волонтерлер қан тапсыру орталықтарында қан тапсырады»,– деді ол.

Оның айтуынша, 14 жастан асқан кез келген адам волонтер бола алады.

«Кәмелеттік жасқа толмаған еріктілер ата-аналарының рұқсатымен келеді. Бізде мектеп оқушылары, студенттер, ересектер, зейнеткерлер бар. Бізде айтарлықтай шектеулер жоқ. Ең бастысы – көмекке ұмтылу», - деп түсіндірді ол.

«Birgemiz: Umit» жалпыұлттық жобасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде іске асырылады.


Соңғы жаңалықтар