«Birgemiz» қоғамдық қорына қайырымдылық қаражаты ерікті түрде жиналуы тиіс - Айдос Үкібай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Birgemiz» қоғамдық қорына коронавируспен күреске арналған қайырымдылық қаражаты ерікті түрде жиналуы тиіс. Бұл жайында ҚР Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде «Birgemiz» қоғамдық қоры қайырымдылық қаражатын бизнес-қоғамдастықтар мен кәсіпкерлерден ғана жинап жатыр. Яғни, ең бірінші кезекте Елбасы үндеуі жолданғандардан ғана«, - деп атап өтті ол Twitter-дегі жазбасында.

Осы орайда Айдос Үкібай еліміздің бірқатар өңірінде бюджеттік сала қызметкерлерінен «Birgemiz» қоғамдық қорына мәжбүрлі түрде қайырымдылық қаражаты жиналып жатыр делінген ақпараттың таралғандығын атап өтеді.

«Мұндай «бастамаларға« жол беруге болмайды. Барлық қайырымдылық тек қана ерікті түрде жүзеге асырылуы тиіс», - деді Елбасының баспасөз хатшысы.

«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев та Facebook парақшасында бірқатар облыстардан коронавируспен күресу үшін бюджеттік сала қызметкерлерін біркүндік жалақыларын аударуға мәжбүрлеген әрекеттерге шағымданған хаттар келіп түсіп жатқанын жазды.

«Nur Otan» партиясы мұндай әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы. Керісінше, дәл қазіргідей қиын жағдайда бастарын қатерге тігіп, алдыңғы қатарда тұрған дәрігерлерге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ, жұмыстарын қашықтан істеуді жалғастырып жатқан мұғалімдерге қолдау көрсету қажет. Коронавируспен бірлесіп күресу үшін қаражат жинауға тек ірі бизнес өкілдері ғана шақырылды. Оның ішінде, көмек қолын созуға өздері ниет білдірген, ең бастысы, оған қаржылай мүмкіндігі барлар ғана жұмылдырылды. Егер сіз жұмыс беруші тарапынан осындай заңсыз әрекеттерге тап болсаңыз, бізге төменде көрсетілген байланыстар арқылы дереу хабарлауыңызды өтінеміз«, - деді партия хатшысы.


Соңғы жаңалықтар