Бір миллионға жуық жұмыскер медсақтандыру жарнасын төлеуден босатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Шағын және орта бизнес нысандары 2020 жылдың 1 қазанына дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерін төлеуден босатылды. Сонымен қатар, ірі бизнес субъектілерінің бірқатары 1 шілдеге дейін жарна төлемейтін болды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филиал таратқан мәліметке сүйенсек, үкімет салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылған шағын және орта бизнес нысандарының тізімін бекітті. Олардың қатарында сауда-саттық, көлік тасымалы және техникалық қызмет көрсету нысандары, білім беру орындары, медицина, туризм мекемелері, мейрамхана-қонақ үй және ойын-сауық саласы, бағдарламалық қамсыздандыру, фитнес нысандары бар.

Сонымен қатар, жеңілдікке жеке кәсіпкерлер де ілінді. Атап айтқанда, кәсіпкерлер қарамағындағы қызметкерлер үшін сақтандыру төлемдерін төлеу міндетінен босатылды. Бірақ жеке кәсіпкерлік нысанының иесі ретінде өзі үшін жарна төлеуі қажет. Дегенмен олар үшін жарна төлеу мерзімі биылғы жылы маусымның біріне дейін шегерілді.

Жалпы алғанда, бір миллионға жуық жұмыскер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) жарна мен аударым төлеуден босатылды.

«Мемлекет төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында осындай шараларды қолға алып отыр. Жоғарыда аталған субъектілер жұмыс беруші ретінде аударым (жалақының 2%) жасауды тоқтатады. Оған қоса, жалдамалы жұмыскерлер жалақысынан да жарна ұстамайды. Соған қарамастан, олардың бәрі де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді қажетінше пайдалана алады», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Ал, үкімет қаулысына енбеген бизнес нысандары жеңілдіктерді пайдаланып, жарналар мен аударымдарды 1 маусымнан кейін төлей алады.

Н.Қабдықапаров 1 қазанға дейін жарна төлемегені үшін жинақталатын қарыз жайын да түсіндірді. Айтуынша, заң жарналар мен аударымдарды осы уақыт аралығында толық тоқтатып тастауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Медициналық сақтандыру қоры ол мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр.

«Қазір бизнес өкілдері үшін оңайға соғып жатпағаны белгілі. Қор осындай қиын шақта халыққа қолдау көрсету мақсатында жарна төлеу міндетінен «босатылғандардың» атына қарыз жинақталуына жол бермейтін арнайы құқықтық норма енгізу туралы бастама көтерді. Қазір осы өзгертулерді заңдық тұрғыда бекіту жұмыстары жүріп жатыр, алдағы уақытта үкімет қарауына беріледі», - деді филиал директоры.

Төлемдерден босатылған санаттардың толық тізімі ҚР Үкіметінің 2020 жылы 20 сәуірдегі №224 қаулысында көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар