Бір күнде 100- ден астам қоңырау қабылдаймыз – полиция капитаны
Райымбек Тойбергенұлының құқық қорғау саласынада қызмет етіп жатқанына 8 жыл.
« Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері жұмыс істеймін. Алғашында көлік жүргізуші болдым, кейін учаскелік полиция қызметкері атандым. Екі жыл болды Медеу аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімінде қызмет етіп келемін»,- дейді ол.
Оның айтуынша, кезекші бөлімшенің жеке құрамына жүктелген міндет, жауапкершілікті талап етеді. «Театр – киімілгіштен, ал полиция жұмысы – кезекші бөлімнен басталады. Менің жұмысым үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз әрбір хабарламаға дереу жауап беріп және алынған ақпаратты тексеру үшін тиісті шараларды қабылдаймыз. Ауыр қылмыс жайында хабарлама келіп түссе, жедел- тергеу тобы оқиға орнына шығады. «Буран» патрульдік экипажы болса, көшелер мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың жолын кесуге жіберіледі. Әрбір қоңырау сайын адамның тағдыры шешіледі»,- дейді полиция капитаны.
Спикердің сөзінше, күніне 100- ден астам қоңырау қабылдайды.
«Бізге түрлі қоңыраулар түсіп жатады. Кісі өлтіруден бастап ұсақ қылмыстарға дейін. Біз күніне шамамен 100- ден астам қоңырау қабылдаймыз. Негізінен «102» нөміріне тұрғындар демалыс күндері мен түнде хабарласады. Бір жағдай есімде: саунада адамды пышақтап кетті деген ақпарат алдық. Әріптестеріміз тез арада оқиға орнына барып, күдіктіні ізін суытай ұстады. Мұндай жағдайлар өте көп. Жас офицер полиция формасын киюді бала күнінен армандаған екен. « Бұл менің бала күнгі арманым болатын. Маған кішкентайымнан полиция формасы қатты ұнайтын. Мен үшін әкем ерлік пен намыстың айқын үлгісі болды. Айтпақшы, інім де, әпкем де әке жолын қуды»,- дейді ол.
Сонымен қатар, ол полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор екенін тілге тиек етті.
«Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің бірі. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды»,- деп қортындылады әңгімесін Райымбек Тойбергенұлы.