Бір белдеуден бел алған жол берекеге бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұдан бес жылға жуық уақыт бұрын Қытайдың бастамасымен көтеріліп, қолға алынған «Бір белдеу, бір жол» жобасы туралы соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде қайтадан жиі әңгіме қозғала бастады. Дегенмен, оқырман арасына бұл идея сонша уақыттан бері кеңінен тарап келе жатқанымен, оның мақсаты мен міндетін, мазмұны мен мәнін толық түсіне бермейтіндер әлі де көптеп саналады. Енді сол жайында қысқаша әңгімелеп берудің реті келіп тұр.

 «Бір белдеу, бір жол» - Қытайдың сауда, көлік жолдарын, сондай-ақ Орталық Азияның, Еуропа мен Африканың 60-тан астам елдерін байланыстыратын экономикалық дәлізді жетілдіру мен оның жаңа түрлерін жасауға, олардың Қытаймен арадағы сауда қарым-қатынасын дамытуға серпін беруге бағытталған халықаралық бастамасы.

«Бір белдеудің» бастау алар шағына Қазақстанның да тікелей қатысы бар. Атап айтқанда, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылғы қыркүйек айында Қазақстанға жасаған сапары кезінде Астанада сөйлеген сөзінде «Жібек жолының экономикалық белдеуі» деп аталатын идеяны қалыптастыру жөнінде алғаш рет мәселе көтерген еді. Осы арқылы ол іс жүзінде бұдан бірнеше ғасыр бұрын осы аймақтарда дәурен сүрген ежелгі «Жібек жолы» сауда қарым-қатынасының жаңа заманға лайықты жаңа пішінін қалыптастырып, дамытуды ұсынған болатын. Си Цзиньпин сонда айтқан сөзінде Қытай мен Орталық Азия аймағы елдерінің стратегиялық мақсаттары ортақ екенін, олардың мұндағы мемлекеттер экономикасын тұрақты дамытуға, гүлдендіруге және қуаттылығын арттыруға бағытталатынын атап өтті. Қытай лидері сондықтан «іс жүзіндегі өзара қарым-қатынасты жан-жақты нығайта түсудің» және ынтымақтастықтың басымдылығында, өнімнің тұрақтылығында, өзара тиімді және ортақ ұтысқа иелік негізіндегі жалпы мүдделерді жасауда саяси диалогтың, географиялық жақындық пен экономикалық жағынан бір-бірлерін толықтырып тұрудың» қажеттілігіне назар аударды.

Осыған байланысты Си Цзиньпин Еуразия кеңістігіндегі елдерді өзара бірлесіп, ынтымақтастықтың жаңа моделін жасауға, «Жібек жолының экономикалық белдеуін» (ЖЖЭБ) қалыптастыруға шақырып, саяси координация, инфрақұрылымдық өзара байланыс, сауданы ырықтандыру, капиталдың еркін жылжуы және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту секілді бес шараны сақтауды ұсынды.  Сол жылдың қазан айында ол бұл идеяны Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған сапары кезінде тағы тарқатып айтып берді. Онда Си мырза АСЕАН-ға мүше елдердің басшыларына өзара бірігіп, «Жібек жолының экономикалық белдеуіне» қоса «ХХI ғасырдағы теңіз Жібек жолын» (ТЖЖ) жасау жөнінде сөз қозғады. Бұл екі идея біріге келгенде, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деген атаумен дүниеге келген стратегиялық тұжырымдамасының негізін құрады. Ол ҚХР-дың бүгінгі таңдағы ішкі экономикалық және сыртқы саяси бағытындағы негізгі бағдарларының бірі болып табылады.

Өзінің алдына қойып отырған мақсаты мен міндеті, мазмұны мен мәні жағынан оны қазір формалды емес кең ауқымды басқару мен даму жобасымен (G-20 тектес) салыстыруға болады. Ол тек батысеуропалық емес, қытайлық нұсқада жүзеге асырылады. Соған қарамастан, Қытай саясаткерлері мен сарапшылары оны «Жібек жолының» осы заманғы жаңа нұсқасы деген пайымнан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Осыған қарап-ақ «Бір белдеудің» астары мен мазмұнында тек экономикалық мүдденің ғана жатпағанын анық байқауға болады.

«Бір белдеу, бір жол» - бүгінде жоғары держава дәрежесіне жетіп отырған Қытайдың құрлықтағы («Жібек жолының» экономикалық белдеуі) және су айдынындағы (теңіз «Жібек жолы») ұзақ жылдарға бағытталған геосаясатының бастау алар тұсы. Бұл жағынан ол АҚШ-тың 1990 жылдары белсене ұсынған жаһанданудың батыстық нұсқасына ұқсайды. Сарапшылар болжамына қарағанда, «Бір белдеу...» елдері лидерлерінің форумы келешекте кем дегенде Қытай бастамасын қолдау мен ҚХР үшін қолайлы халықаралық орта қалыптастырудың, ауқымды саяси және экономикалық қолдау көрсетудің мінбесі болып қалуға тиіс.
null

Бүгінгі күннің басты тірегі - жобаны экономикалық жағынан толықтыру. Жоба соның ішінде қатарына топтар тарту тұрғысында белсенді институционалдық және сауда-экономикалық саясат ұстанады. Бұған темір жол және автомобиль жолдары магистральдарын құрылыстарын кеңейту де кіреді. Түптеп келгенде, ірі көлік жүйесін құру келешекте Қытайға Азия-Тынық мұхит аймағынан Батыс Еуропа елдеріне дейінгі аралықта сенімді көлік дәлізін жасап алуға мүмкіндік береді.

Жасалған жүйе қазір жалпы жер көлемі 50 млн шаршы шақырымды алатын, 3 млрд халқы бар Азия мен Еуропаның 18 мемлекетінің басын біріктіреді. Соңғы 10 жылдың беделінде Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуінде» орналасқан елдермен жыл сайынғы тауар айналымының өсімі 19 пайызды құрады. Ал 2016 жылы ҚХР-дың «Жібек жолы» бойындағы мемлекеттермен жалпы сауда көлемі 954 млрд долларға жетті немесе әлемдік тауар айналымының 25,7 пайызы болды.

«Жібек жолы экономикалық белдеуінің» тұжырымдамасы Қытайдың Орталық Азия аймағын басқа өңірлердегі қатысушыларға қарағанда экономикалық және интеграциялық тұрғыда айтарлықтай кең ауқымда қарастыратынын танытады. Іс жүзінде ол Шығыс Азиядан Еуропаға дейінгі территорияны экономикалық жағынан бірлесе дамытудың мегажобасын ұсынады. Онда Қытай басты орындаушының және дем берушінің міндетін атқарады. Мұнда әңгіме еркін сауданың әлдеқандай бір еуразиялық аймағын жасау туралы болып отырған жоқ, ол негізінен Қытайдың көмегімен Еуразия ендігінде экономикалар мен көліктік/инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағыт ұстайды.

Қытай басшылығының пікірінше, Азия инфрақұрылымдар инвестициясы банкі (АИИБ) аймақтық инфрақұрылымдық құрылысқа жаңа серпін беріп, Азиядан капиталдың басқа жаққа кетіп қалуына тұсау салады, тек аймақ елдері ғана емес, сонымен бірге күллі әлемде экономикалық өсімнің белсенді түрде жасала түсуіне жол ашып береді. Осыған орай ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян 100 млрд доллар көлемінде бастапқы жарғылық капиталы бар АИИБ-ның аймаққа кірмейтін елдер үшін де әрдайым ашық таза коммерциялық институт болып табылатынын атап өтті.

2015 жылғы 15 наурызда ҚХР Мемлекеттік кеңесінің тапсырмасы бойынша Даму және реформалар істері жөніндегі мемлекеттік комитет, Сыртқы істер министрлігі және Сауда министрлігі «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен «XXI ғасырдағы теңіз Жібек жолы белдеуін» бірлесе жасаудың іс-әрекеті мен тамаша келешегі» атты бағдарлама дайындады. Ол сол жылғы 16 сәуірде 16 беттік кітапша болып басылып шықты. Құжат «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасын жүзеге асырудың барша негізгі бағыттарын айқындап берді. Онда «Бір белдеу, бір жол» жобасының барлық елдер, халықаралық және аймақтық ұйымдар үшін ашық болып табылатыны, оның сондай-ақ ҚХР-дың өзіне мүдделі елдермен экономикалық қарым-қатынас жасауы үшін негіз болатыны атап көрсетілген.

Қазір «Жібек жолының экономикалық белдеуі» Қытайдан Орталық Азия мен Ресей арқылы Еуропаға (Балтық теңізіне дейін) шығу, Қытайдан Орталық Азия мен Батыс Азия арқылы Парсы шығанағы мен Жерорта теңізіне шығу, Қытайдан Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік Азия арқылы Үнді мұхитына шығу деп аталатын үш басты маршрутты түзетін болады деген болжам жасалды. Ал «XXI ғасырдағы теңіз Жібек жолы белдеуіне» Қытайдың теңіз порттарынан Оңтүстік-Қытай теңізі арқылы Үнді мұхитына және одан әрі Еуропаға жету, Қытай порттарынан Оңтүстік-Қытай теңізі арқылы Тынық мұхиттың акваториясына шығу қарастырылуда. Ал аталған бағыттарда «Қытай - Моңғолия - Ресей», «Қытай - Орталық Азия - Батыс Азия», «Қытай - Үндіқытай», «Қытай - Пәкістан» және «Бангладеш - Үндістан - Мьянма - Қытай» халықаралық экономикалық дәліздерін құрып, қалыптастыру жоспарластырылып отыр. Бұл құжатта инфрақұрылым құрылысы, өндіріс қуаттылығына инвестициялар әкелу, табиғи ресурстарды игеру, сауда-экономикалық және қаржылық ынтымақтастық, гуманитарлық алмасулар, қоршаған ортаны қорғау мен теңіздегі өзара бірлескен әрекеттер жасау салаларындағы міндеттер жайы да қарастырылған.

Осы ретте аймақтағы ынтымақтастықты кеңейтудің аса маңызды факторы ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Қытай - АСЕАН («10+1» форматы), Азия - Тынық мұхит экономикалық әріптестігі, «Азия - Еуропа» форумы, Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалог, Азиядағы өзара әрекет пен сенім мөлшері кеңесі, Қытай-Араб ынтымақтастық форумы, Қытай - Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесі, Үлкен Меконг субаймағындағы экономикалық ынтымақтастық, Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы секілді ұйымдардың ықтимал көмегі атап көрсетіледі.

«Жібек жолының экономикалық белдеуі» тұжырымдамасы жақын аралықтағы бірнеше онжылдықта жүзеге асырылады деп есептелген. Қазіргі кезде оны жүзеге асырудың біртұтас қалыпқа келген жүйесі әлі жасалып болған жоқ. Соған қарамастан, ол бүгінде Қытайды жаңа жаһандық жағдайдағы көшбасылық құзыретке қарай бастаудың маңызды векторларының бірі екендігі ешқандай күмән туғызбайтындай дәрежеде толық айқындалып тұр. Алдына осындай ғасырлардан ғасырларға ұласатын мегажоба жасау міндетін қойып отырған Қытай оны қаржыландырудың алғы шарттарын да жасап қойды. Ол «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасын қаржыландыруды қолға алу мақсатында 2014 жылы Азия инфрақұрылымдар инвестициясы банкі (АИИБ) және «Жібек жолы» қоры секілді екі қаржы институтын ашып қойды. Азия инфрақұрылымдар инвестициясы банкінің мақсаты банктің қатысушы-құрылтайшы елдерінің ірі инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландырып, олардың экономикалық жағынан өсулеріне серпін беру болып табылады. Қазірге дейін банктің құрылтайшылары қатарын 57 ел құрап отыр. Олардың 37-сі Азия аймағынан болса, қалған 20-сы аталмыш аймаққа кірмейтін мемлекеттер.

2015 жылғы 29 маусымда аталмыш банкті құру туралы келісімге қол қойылды. Ал 2016 жылғы 16 қаңтарда 100 млрд долларлық бастапқы капиталы бар АИИБ өзінің жұмысын бастап кетті. Банктің ең ірі құрылтайшылары қатарында Қытай, Үндістан, Ресей, Германия және Корея Республикасы бар. «Жібек жолы» қоры 2014 жылғы желтоқсанда Бейжіңде тіркелді. Оның жалпы капиталы 40 млрд долларға тең, алайда, оны толық қалыптастыру бірнеше кезеңнен тұратын болады. Қор 10 млрд долларлық бастапқы капиталмен іске кірісті. Қордың негізгі мақсаты жаңа «Жібек жолы» жүріп өтетін елдердің инфрақұрылымдарына инвестициялық мүмкіндіктер іздестіру және жобаларды жүзеге асыру үшін қызмет көрсету болып табылады. Ол негізінен инфрақұрылымға инвестиция тартуды, сондай-ақ өнеркәсіптік және қаржылық кооперацияны дамытуды жүзеге асырады деп болжанып отыр. Қордың барлық капиталы Қытайдың еншісіне жатады, ал қаржыландырудың негізгі көзі - Қытай шетел валютасы мемлекеттік әкімшілігі (65%), Қытай Инвестициялық Корпорациясы (15%), Қытай экспорт-импорт банкі (15%) және Қытай Даму банкі (5%). Қор бұдан әрі басқа елдердің ұзақ мерзімді инвестиция беруге дайын институционалдық инвесторларын тартатын болады. 

Бұдан бөлек, 2015 жылғы мамыр айында Си Цзиньпиннің Ресейге жасаған мемлекеттік сапары кезінде Ресей Федерациясы мен ҚХР басшылары Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» инициативасын өзара ұштастыру жөніндегі келісімге қол қойды. Ал бастаманы қолдауға қазір әлемнің 100-ден астам елі мен халықаралық ұйымдары ынта білдіріп отыр. Қытай соның ішінде 40-тан аса елмен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жөніндегі келісімге келіп үлгерді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» идеясын алғашқы болып қолдағандар қатарынан табылды. Себебі, бір мақсаттағы бір белдеуден бел алатын бұл жолдың, дұрыс қолға алынып, жөнімен жүргізілген жағдайында, берекеге бастайтыны бірден белгілі болып тұр еді. Идеяның бағалы екендігінде күмән жоқ. Мұны Елбасы 2017 жылғы 14-15 мамырда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» жобасына қосылған мемлекеттер басшыларының форумында да атап көрсетті. Ол форум аясында қанат жайған «Тығыз ынтымақтастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» атты «дөңгелек үстел» жиынында Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екеніне терең тоқталды.

Егер екі жақты тиімді жолдармен жүргізілер болса, «Бір белдеудің» Қазақстанға әкелетін пайдасы да зор болмақ.

Серік ПІРНАЗАР,

журналист

Соңғы жаңалықтар