Білім министрлігінде сапасы төмен университеттерге қатысты «қара тізім» жоқ - Асхат Аймағамбетов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім беру саласы елдің дамуындағы маңызды саланың бірі екені түсінікті. Президент биылғы Жолдауында да осы салаға қатысты ерекше тоқталып өтті. Бұл тұрғыда білім беру бағытында жұмыстар қалай жүріп жатыр, жұмыс жоспары қандай және ҚазАқпараттың өзге де сұрақтарына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді.

- Асхат Қанатұлы, алғашқы сұрағымызды биыл ерекше талқылауда болып, бекітілген ұлттық жобадан бастасақ. «BILIMDI ŪLT» ұлттық жобасының аясында мектептер құрылысына ерекше мән беріліп отыр. Жалпы, елімізде мектеп құрылысы мәселесі қаншалықты өзекті?

- Биыл «BILIMDI ŪLT» ұлттық жобасы қабылданып, онда ең түйткілді проблемалар қамтылып отыр. Соның ішінде ең маңызды мәселенің бірі мектептерді салуға арналған. Осы орайда үш ауысымда оқыту проблемасын шешу, апатты жағдайдағы мектептерді жою секілді негізгі мақсаттар тұр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы мәселе туралы тиісті тапсырма берді. Бұл тұрғыда 2025 жылға дейін Қазақстанда кем дегенде 1000 мектеп салынуы ескерілген. Бұл тапсырма өте маңызды, өйткені аталған көлемдегі мектептер салынбаса, онда 2025 жылға дейін мектептерде 1 млн-ға жуық орын тапшылығы байқалатын болады. Сондықтан осы проблеманы болдырмас үшін міндетті түрде құрылыс жұмыстарын жалғастырып, жаңа мектеп ғимараттарын пайдалануға беруіміз керек.

Неге мұндай мәселе туындап жатыр? Негізінен мұнда екі ең басты фактор бар. Біріншіден, бұл демография процестеріне қатысты болып отыр. Екіншіден, урбанизация процестерінің ықпалы да бар. Яғни, бала туу көрсеткішінің өсуі мен елді мекендерден тұрғындардың қалаға көшуі мәселесін ескере отырып, тиісті қадамдар жасауға тура келіп тұр. Тағы бір атап өтер жайт, облыс орталықтары мен республикалық маңыздағы қалаларда жаңа үлкен тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Алайда бұл аумақта тиісті әлеуметтік инфрақұрылым жеткіліксіз деңгейде салынады. Нәтижесінде, тұрғындар көшіп келіп, шоғырланғаннан кейін, бұл жердегі барша мектепке үлкен салмақ түседі. Осыдан орын тапшылығы туындайтынын көріп отырмыз. Аталған факторларды назарға алып, мектеп құрылысына екпін қойылып отыр.

Жалпы, Тәуелсіздік жылдары екі мыңнан астам мектеп салынды. Енді осы бес жылда кем дегенде бір мың мектептің құрылысын аяқтауымыз керек. Мемлекет өз алдына осындай үлкен мақсат қойып отыр. Әрине, бұл мақсат орындалады деп сенеміз. Әр жылға тиісті меже бекітілген болатын. Биыл 200 мектепті іске қосу жоспарланған. Қазіргі мәліметке сүйінсек, 206 мектеп пайдалануға берілді. Осы ретте биылға белгіленген мақсат орындалды деп айта аламыз. Сондықтан жыл сайын 200 мектептен салып отырсақ, бұл міндетті мақсатты орындауға мүмкін болады.

Атап айтқанда, осы салада бірнеше бағыт ескерілген. Мемлекеттік бюджет есебінен мектеп салумен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі және жалпы жекеменшік мектептерді салу секілді үш басты бағыт бойынша бұл мәселе өз шешімін табады.

Осы қадамдарды мемлекет үшін тиімді деп айтуға болады. Жекеменшік мектептерге тоқталсақ, кәсіпкерлер оны қысқа мерзімде салады және бизнес өз қаражатын игереді. Сондықтан мемлекеттік сатып алу, бюджет бөлу, оның конкурсын ұйымдастыру және басқа да рәсімдерді олар өз мойындарына алады, сондай-ақ мемлекет бюджетіне жүктеме түспейді.

Халық тарапынан «жекеменшік мектептерде беретін білім сапасы қандай болады» деген сұрақ қойылып жатады. Әрине, бұл заңды сұрақ. Бұл мәселеге қатысты мемлекеттік білім беру стандарты бар. Барлық бала білім алғанда мемлекеттік стандартқа сай болуы керек. Аталған стандартта бекітілген міндетті пәндерді оқыту жекеменшік және мемлекеттік мектепте бірдей орындалуы керек және білім сапасы қамтамасыз етілуі тиіс. Егер қамтамасыз етілмесе, бұл мектептер жабылады әрі лицензиясынан айырылады.

Соңғы жылдары жекеменшік мектептер жүйесі дамып келеді. Жалпы, олардың бағыт-бағдары жаман емес. Сапа бойынша біраз жақсы өзгерістер бар деп айтуға болады. Екіншіден, бұл бәсекелестікті дамытады. Басқа да дамыған елдердің тәжірибесін қарасақ, жекеменшік сектор да жақсы дамығанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, мемлекеттік мектептердің желісі де дамып келеді. Мемлекеттік мектептер міндетті түрде салынатын болады.

- Елімізде талаптарға сай келмейтін бірқатар жоғары оқу орындары жабылғаны белгілі. Енді тағы қандай оқу орындары «қара тізімге» енді, әлде бұл жұмыстар аяқталды деп айтуға бола ма?

- Бізде «қара тізім» деген жоқ. Жалпы, «министрлік бір тізімді жасап, мыналар тізімге кірді, енді осылар жабылуы керек» деген түсінік жоқ. Себебі бізде тәуекелдерді анықтайтын арнайы жүйе бар. Жыл сайын осы жүйе бойынша қай университет сапаны бермей жатқанын қараймыз. Бізде ұлттық электронды база бар, сол базаға әр университет өздерінің дербес көрсеткіштерін жазып береді. Оны біз жазбаймыз. Біз тек қана сол көрсеткіштерді зерделеп қараймыз. Осы нәтижелерді назарға алып, тәуекелдер бар екенін білгеннен кейін, оны арнайы тексеру үшін тіркеуден өтеміз. «Біз тіркеп қойдық, келесі жылы мына университеттер тексеруден өтеді» деп алдын ала жариялаймыз. Ешкім де тосыннан келіп, тексеру жүргізбейді. Бізде тексеру өткізетін арнайы парақ бар екенін, қай мәселеге назар аударылатынын жоғары оқу орындары жақсы біледі. Бұл ретте прфессорлық-оқытушылар құрамының, оқулықтардың, тиісті компьютерлердің, білім сапасының, жатақхананың болуы сияқты талаптарға екпін қойылады. Биылдан бастап ең басты талаптың арасына балалардың білімі сапасын анықтау үшін тиісті тестілеу өткізуді енгіздік. Мұның алдында тестілеусіз әртүрлі жай ғана көрсеткіштерден зерттейтін. Сонда университеттер «ең бастысы материалдық базаға емес, біздегі білім сапасына қараңыздар» деп айтатын. Осыны ескеріп, білім сапасын енгіздік, тиісті бағыттар бойынша балалардың білімдерін тексереміз. Біз жапқан университеттерде өздері өтіп, емтихан тапсырған пәндерден білімін дәлелдей алмай отыр. Бұл жағдай - біз үшін өте үлкен сигнал. Сондықтан осындай университеттерді бірінші рет тексергеннен кейін, қандай кемшіліктер бар екенін айтып, оны түзетуге уақыт береміз. Алдын ала ескертіп, екінші тексеруге барамыз. Үшінші тексеруге дейін тағы уақыт береміз. Одан соң тиісті шешім аясында лицензиясынан айырып, сотқа жүгініп, шара қолданылады.

Осы бағытта 41 университеттен 500 лицензияны қайтарып алдық, яғни олар тиісті білім беру сапасын қамтамасыз ете алмады. Ал толығымен бізде 15 университет жабылды. Осында оқыған 100 мыңнан астам студент басқа оқу орындарына ауысты.

Біз тексеруге барамыз дегеннің өзінде тек бір бұйрықпен 1 мың адамға дейін оқудан шығарып жатқандары бар. Неге шығарып жатыр? Өйткені білім беру сапасы жоқ. Біз барып құжаттарды қарағанда, ҰБТ тапсырмаған, оқымаған жағдайлар болып жатады. Сондықтан біз тексеруге бармай жатып, соның өзінде қаншама университет бір-екі жылдың ішінде материалдық-техникалық базасын нығайтып, профессорларды тартып, жатақханаларды салып жатыр. Атап айтқанда, бұл бағыттағы оңтайлы қадамдар экономикамыздың, әлеуметтік саланың дамуы үшін өте үлкен септігін тигізеді. Ең бастысы, сапасыз мамандарға диплом бермей, оларды нарыққа шығармау. Бұл тұрғыда шын мәнінде мемлекеттің қауіпсіздігі мәселесіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар, колледждерде 2 мыңнан астам лицензияны қайтарып алдық, 30 колледж толықтай жабылды. Бізге тәртіп пен білім сапасы керек. Осы орайда олар сапаны көтеру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Атап өтер жайт, негізінен Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесі өте бәсекеге қабілетті. Университеттердің басым көбінің білім беру сапасы өте жоғары. Олар әлемдік рейтингтермен қамтылып отыр, әлемдік университеттермен бәсекелестікке жарамды болып келеді.


- Мемлекеттік грант саны жыл сайын артып келеді. Педагог мәртебесіне қатысты қадамдар жасалғаннан бері бұл салаға келетін студенттер саны артқаны айтылып жүр. Бұл үрдіске өзіңіз қандай баға берер едіңіз?

- Президенттің қолдауының арқасында педагогтардың мәртебесін, жалақысын көтереміз деп тиісті шешімді іске асырып жатқанда, педагогикалық мамандыққа қызығушылық артатынын күттік. Бірақ дәл қазіргі деңгейде бірден үлкен сұраныстың байқалуы жақсы жаңалық болды. Өйткені тек «Алтын белгі» иегерлерінің осы мамандыққа баруы көрсеткіші бір жылдың ішінде 2 есе көбейді. Бұның алдында педагогикалық білім беру бағдарламаларын таңдаған түлектердің балы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болса, қазір ең жоғары ұпайлардың бірі болып отыр. Бұл өз кезегінде бүгінде мектепті бітіріп жатқан ең үздік әрі жақсы оқыған талапкерлер осы педагогикалық мамандықты таңдап жатқанын білдіреді. Ертең осы балалар университетті тәмамдап, мектепке мұғалім ретінде өте мықты маман болып барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауының арқасында осындай жақсы өзгерістер болып жатыр.

- Жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы өзекті мәселе екені белгілі. Елімізде өз бағыты мен біліктілігі бойынша қызметке түлектер қаншалықты барып жатады?

- Бұл жағдай бірнеше мәселеге байланысты. Біріншіден, жұмыс орны болуы керек. Біз көбінесе университеттерден түлектің жұмысқа тұруын талап етеміз. Бұл тұрғыда «егер сендер жақсы маман дайындасаңдар, олар далада қалмайды» деген ой бар. Осы орайда біз университеттерден талап етіп отырмыз. Тағы бір жағынан бұл жағдай нарықтың сұранысына байланысты. Әрине, 2020 жылы бұл көрсеткіш бізде кішкене төмендеп кетті. Пандемияға байланысты жұмыс орнына қатысты түрлі процестер болды ғой. Ал биылғы жылға қарасақ, өз мамандығы бойынша жалпы жұмысқа тұру көрсеткіші өсіп отыр. Сондықтан бұл тренд ары қарай да жалғасады деп ойлаймын.

- Қазіргі кезде қалада жаңа пәтерлерді сатып алу үрдісі қарқынды десек болады. Бұл ретте тұрғылықты жері бойынша баланы мектепке орналастыру ірі қалаларда өзекті мәселеге айналып келеді. Сондықтан осы бағыттағы қадамдар қалай реттеледі?

- Бізде мектепке қабылдаудың типтік қағидалары бар және әр мектеп директоры оны жақсы біледі. Бұл мәліметтер ашық деректерде де қолжетімді. Жалпы, бұл проблема үлкен тұрғын үй кешендері салынғанымен, ол жерде әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының алдын ала ескерілмеуіне байланысты болып отыр. Ал заңнамаға сәйкес, алдымен әлеуметтік инфрақұрылымға мән беру керек екені көрсетілген. Яғни осы тұрғын үй кешендері салынған кезде, сол жерде әлеуметтік нысандар да тұруы маңызды.

Өкінішке қарай, бізде бұл талаптар кей кезде орындалмауының салдарынан «жасанды» дүрбелең болып жатады. Егер жаңа баспана салынып жатса, алайда сол маңда әлеуметтік инфрақұрылым ескерілмесе, оқушыларға арналған орын тапшылығы туындайтыны түсінікті жағдай ғой. Ірі қалаларда осындай проблемалар бар, көппәтерлі тұрғын үйлер жиі шоғырланған шағын аудандарда орын тапшылығы сезіледі.

Мектеп 1200 балаға есептеліп салынғанымен, онда қазірдің өзінде 3 мың бала оқып жатса, олар тағы 5 мың баланы қабылдай алмайтыны түсінікті. Сондықтан қазір мектеп құрылысына ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, дәл үйдің жанында болмаса да, сәл ары қарай орналасқан мектепте орналастыру мүмкіндігі болады. Осы орайда білім бөлімдері орта білім беруді қамтамасыз ететін болады.

Жаңа тұрғын үй кешендерінен мектеп балаларды қабылдай алмай жатса, білім басқармасы бұл бағытта жақын маңдағы басқа мектепте оқытуға жағдай жасау мүмкіндігін қарайды.

- Отбасыңызда баланың кітап оқуына дағдыландыруға ерекше мән беретініңізді естіген едік. Осы орайда ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Бұл ретте өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, өз баламды кітап оқытуға қалай баулытқанымды айта кетейін. Осы жағдайда қатаңдық танытып, «мына кітапты міндетті түрде оқып шық» деп талап етсек, онда баланың ынтасы болмайтыны түсінікті.

Сондықтан ең алдымен баланың қызығушылығын ояту керек. Кітап мазмұнына мән беріп, балаға оны тартымды етіп көрсету маңызды.

Алғашқыда суреттері көп кітаптардан, қызықты шығармалардан бастаған жөн. Жалықтырып алмас үшін, бастапқыда шағын кітаптарды алу керек. Бала үлкен шығармаларды көрген кезде, психологиялық тұрғыда қиындықты сезінеді.

Кейіннен біртіндеп бала кітап оқудың қызығына өзі кіріп кетеді. Ата-ана ретінде кітап мазмұнын бірге талқылау, кей жерлерін бірге оқу маңызды. Осыдан соң бала келесі кітаптарға өз қызығушылығымен ауыса береді. Шытырман оқиғалар жанрынан бөлек, тарихи кітаптарға әрі ғылыми фантастикаға тартып көру керек. Бала бұл айырмашылықты сезінуі тиіс. Осыған дұрыс баппен келсе, баланың кітап оқуға деген құмары арта түседі.

Биыл біз 70-тен астам кітап оқып тастадық. Балам келесі жолы қандай кітап оқығысы келетінін қазір өзі айтады. Дегенмен баланың таңдауын біршама реттеп отыруға тырысамын, ол көбіне тарихи кітаптарды оқығысы келеді.

Арасында ғылыми фантастика немесе басқа жанрдағы шығармаларды ұсынамын. Оның талғамының пайда болуы, әдебиеттерді ажырата алуы маңызды. Қазақстандық авторлармен қатар, шетелдік әдебиетті де білгені жөн.

Сондықтан баланың қызығушылығын арттырып, ынталандыруға мән беріп, оның жас ерекшелігін ескерген абзал.

Атап айтқанда, қазіргі кезде осы бағыттағы қадамдарды барша елдің аумағында атқарып жатырмыз, бізде «Кітап оқитын мектеп» атты жақсы жоба бар. Биыл Президенттің қолдауы арқасында 2,5 млн көркем әдебиетті кітапханаларға сатып алдық. Мемлекет басшысы өңір әкімдеріне, Үкіметке осы бағытта тиісті тапсырма берген болатын.

Яғни, көркем әдебиеттің ауқымды көлемі таратылды деп айтуға болады. Осыған дейін балалар мектепте кітап оқымайды деп айтатынбыз. Ал егер қызықты кітап болмаса, балалар оқымайды ғой.

Мектеп кітапханасының қоры оқушылар үшін жеткілікті әрі қызық болғаны маңызды. Сондықтан биыл мектептерге әдебиеттер жеткізілді, кітапханалар жаңа форматта жұмыстарын бастап жатыр. Біз кітап оқу әдеті жалпыұлттық үрдіске айналғанын қалаймыз.

- Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар