Білім министрлігін әбігерге салған Е-leаrning, Дүниежүзілік банк заемінен бас тарту, Zoom-дағы келеңсіздік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылының басталғанына не бәрі 9 күн ғана өткенімен қазірдің өзінде кейбір ата-ананың қашықтан оқытудың қиындықтарын бастан кешіріп жатқаны белгілі. Оған күні кеше ғана ата-аналардың Мемлекет басшысы мен Білім және ғылым министрінің атына петиция әзірлеп, оқушыларды дәстүрлі оқуға көшіруге өтініш білдіруі дәлел бола алады. Бірақ, оқушыларды дәстүрлі оқуға қайтару атүсті қарай салатын мәселе емес. Себебі коронавирус індетінің қаупі әлі тараған жоқ. Бұған қоса, күзгі маусымдық жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың өршитін кезі алда екені де белгілі. Сондықтан әзірше балалардың қашықтан білім алғаны дұрыс. Мұны бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Кариновада да айтып отыр.

Дәстүрлі оқу қашан басталады?

«Қашықтан оқытудың өзі бүгінгі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін тағы да бір атап өткім келеді. Әрине, санитарлық жағдай ескеріліп, ол жақсарған сайын Бас санитар дәрігердің шешімімен мектептерді штаттық режимде жұмыс істеуге қайтару бойынша шаралар қабылданатын болады. Осыған қатысты министрліктің бірнеше ұстанымы бар. Ол ұстанымдарымызды тиісті, бейінді министрлікке ұсындық. Бұл мәселе бойынша жұмыс топтарымен күнделікті байланыстамыз және оны шешу жолдарына қатысты жұмысымызды жалғастырудамыз», - деді вице-министр.

Жалпы, оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігі тарапынан балаларды қашықтан оқытуға үлкен дайындық жұмысы атқарылды. Нәтижесінде оқушылардың 73 пайызға жуығы қашықтан оқып жатыр. Ал еліміздегі 7 мың мектептің 3 мыңға жуығы штаттық режимде балаларға білім беруде. Ол білім ордаларында 1-4 сыныптарға және мектепалды сыныптарға арналған кезекші сыныптар жұмысы істейді. Кезекші сыныптарда 547 мыңнан аса оқушы білім алуда. Бұл оқушылардың 60 пайызға жуығы 1-сынып оқушылары. Оқушыларды білім нәрімен сусындататын мұғалімдердің саны 500 мыңнан асады. Олар еліміздегі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты өз қалауымен сабақты мектепке келіп немесе үйде отырып жүргізуіне болады. Ал сабағын мектепке келіп жүргіземін деген ұстазды білім ордасының әкімшілігі барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етуге міндетті. Оған еліміздің барлық мектебінің интернет желісі де, компьютерлік техникасы да жеткілікті. Айта кетерлігі, мектеп басшылығы мұғалімге сабақты тек мектепке келіп қана беру керек деп мәжбүрлей алмайды.

Қашықтан оқыту түйткілі

Қашықтан оқытуда туындап отырған түйткілдің бірі – бірыңғай білім беру платформасының жоқтығы. Соның салдарынан мектептер Білім және ғылым министрлігі құптаған 8 платформада білім беріп жатыр. Teams, Zoom бағдарламалары да қолданыста. Өкінішке қарай, осы Zoom бағдарламасын қолданған Алматының бір, елорданың бір мектебінде келеңсіз жайттар орын алғаны да белгілі. Мәселен, 3 қыркүйекте елорда мектептерінің бірінің 5 сынып оқушылары математика сабағын өтіп жатқан кезде бөгде адам қосылып кетіп, балалардың компьютер экранында ұятсыз слайдтар көрсетіп, боқтық сөз айтқан болатын. Алматыдағы оқиға да дәл осындай. Онда да математика сабағы үстінде Zoom платформасын бұзып кірген бұзақы былапыт сөз айтып, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға порнографиялық сипаттағы фото, видеоларды көрсеткен. Ал мұның бәрін Білім министрлігі біліп отыр.

«Білім министрлігі бұл мәселе бойынша күнделікті білім мекемелерімен, білім басқармаларымен жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде әлеуметтік желіде ата-аналардың, мұғалімдердің депутаттардың көтеріп отырған мәселелерін байқап, көріп отырмыз. Олардың әрқайсысына жеке жауап беріп, шешу мәселесімен айналысудамыз. Әлеуметтік желілерде кей сабақтар сәтті өтпегені туралы да хабарларды естідік. Бұл мәселеге қатысты талдау жұмыстары жүргізілді. Өткізілген 2 млн сабақтың ішінде Zoom байланысымен өткен 2 сабаққа бөгде адамдардың араласып, келеңсіздік орын алғанын білеміз. Осыған орай, барлық мектептерге, мұғалімдерге тағы да түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, 350 мыңға жуық мұғалімге ІТ-құзыреттілікті үйретуге бағытталған курстар ұйымдастырылған.

«Бірақ, бүгінгі күні осындай келеңсіз жайттар орын алды. Тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұндай жайттың алдағы уақытта орын алмауын қадағалаймыз. Сонымен қатар осы мәселе бойынша ата-аналардың да балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді өтінеміз», - деді вице-министр.

Білім министрлігі Дүниежүзілік банк заемінен неге бас тартты?

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына білім беру саласындағы өзекті мәселелерге қатысты сауал жолдаған «Ақ жол» фракциясының депутаты Дания Еспаева 2017 жылы БҒМ бастамасымен Қазақстан тарапы «Орта білімді жаңғырту» жобасы аясында ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасын теңестіруді қаржыландыруға 67 млн АҚШ доллары сомасында Дүниежүзілік банк займын тартқанын айтады.

«Алайда, мәселенің өзектілігіне қарамастан, қолдағы ақпаратқа сәйкес жобаның ешбір бағыты бойынша осыған дейін конкурс жарияланбаған. Ал ауыл мектептері үшін интернетпен қамтамасыз етуге компьютер мен жабдықтарды алуға техникалық тапсырма да әзірленбеген. Дегенмен, Қазақстан үш жыл қатарынан займды резервтеу үшін бюджеттен комиссия төлеп келеді», - деді депутат.

Депутат көтеріп, әлеуметтік желі іліп әкетіп сан-саққа жүгірткен бұл мәселенің де түйткілін Шолпан Каринова тарқатып берді.

«Әлеуметтік желілерде көтеріліп жатқан тағы бір мәселе бұл – Дүниежүзілік банк займы. Осыған байланысты да бірден түсінік беріп кеткім келеді. Бұл қарызды алу бойынша мәселе 2014 жылы басталған болатын. Сол жылы бұл шешім бекітіліп, 2018 жылы барлық депутаттар іске асырылу керектігін қолдады. 2018 жылы тиісті бюджеттік ұсынымдар бойынша бюджеттік жоспарлау және халықаралық қарыз болғандықтан ресми жұмыстарын жүргізу істері атқарылды. Қарыздың басқа да жобалардағыдай бекітілген жоспары бар. Осы жоспарға сай тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде депутаттар «осы қарыз көлемінде жоспарланған компьютерлік техникалар неге сатып алынбады?» деген мәселе көтеруде. Жалпы, бұл компьютерлерді сатып алу мәселесі 2021 жылға жоспарланған болатын. Тиісті қаражат та 2021 жылға қарастырылған», - деді вице-министр.

Шолпан Каринованың айтуынша, аталған қарыз аясында контенттік жұмыстарды жоспарлап аяқтау, оның ішінде білім сапасын жақсарту, оқулықтарға, инклюзивті білім беру, жалпы педагогикалық білімді жаңарту мәселелеріне байланысты жобаларды іске асыру көзделген. Осы жұмыстарды аяқтағаннан кейін ғана компьютерлік техника сатып алу жоспарланған.

«Ал биылғы індет ешкімге айтып келген жоқ. Сондықтан компьютерлік техникаларды тез сатып алу жұмыстарын Білім министрлігі қолға алып көрді. Наурыз айында Дүниежүзілік банкке хабарласып, техникаларды тезірек сатып алу мәселесін қозғаған едік. Бірақ, бұл Үкімет тарапынан қосымша қаражат қажет ететін болды. Одан кейін 2021 жылға жоспарланған қаражатты республикалық бюджетті нақтылау кезінде 2020 жылға жылжыту мәселесі туындады. Жалпы, халықаралық рәсімдер бойынша бұл 9-дан 12 айға дейін уақытты алатын процесс. Сондықтан егер біз аталған қарыз көлемінде компьютерлер сатып алу жұмысына осы жылдың наурыз айында кіріскеннің өзінде де конкурстық жұмыстар келесі жылдың наурызында ғана аяқталуы тиіс. Содан кейін жеткізу жұмыстары басталар еді. Осы жағдай ескеріліп, компьютерлік техниканы сатып алу мәселесіне байланысты қарызды тоқтату шешімі қабылданды», - деді ол.

Е-leаrning бағдарламасына бөлінген қаржы қайда кетті?

Айтпақшы, бүгін осы әлеуметтік желіде білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан e-leаrning бағдарламасына бөлінген бірнеше ондаған млрд теңгенің сұрауын салып, Білім министрлігін біраз қыспаққа алғаны белгілі. Тіпті кезінде Мәжіліс депутаттары да бұл бағдарламаның еш қажеті жоғын айтып жауып тастауды ұсынғанымен ол жүзеге асырылды. Ал оны жүзеге асыруға бөлінген қаржы қайда кетті? Бұл сауалдың жауабын жоғарыда аталған баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова беруге тырысты.

«Бүгін бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желіде e-leаrning бағдарламасын қаржыландыру мәселесі көтерілді. Бағдарламаны қаржыландыруға 2010-2013 жылдар аралығында ақша бөлінген еді. Ал 2016 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру толығымен тоқтатылды. Бюджеттен шамамен 36 млрд теңге жұмсалды. Оның 28 млрд теңгесін құрал-жабдықтарға, яғни интерактивті тақта, серверлік жабдыққа жұмсалған шығындар құрайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар