Білім министрлігі сирек басылымдардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етпек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сирек басылымдардың сақталу қауіпсіздігі мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство басшысы Алматыға жұмыс сапары барысында «Ғылым орда» орталығында болып, Орталық ғылыми кітапхананың, мұрағаттың, сирек басылымдар қоймасының жұмысымен танысты.

«Орталықтың құндылығы ерекше, себебі онда біздің ғылыми және мәдени мұрамыз, отандық ғалымдардың ғылыми-зерттеу және ағартушылық жұмыстары сақталған.

«Алматы трагедиясы» кезінде болған оқиғаларды ескере отырып, осындай өте құнды қорлардың сақталуын қамтамасыз ету өте өзекті.

Оларды цифрландыруды жүргізу, резервтік көшірмелер жасауды, каталогтандыруды, қызметкерлерді оқытуды, қолжазбаларды және басқа да дереккөздерді ғылыми айналымға енгізуді, ежелгі құжаттарды қалпына келтіруді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ өткен оқиғалар аясында олардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды.

Сапарымның қорытындысы бойынша арнайы өнеркәсіптік сканерлерді, тозған құнды кітаптар мен ежелгі қолжазбаларды қалпына келтіруге арналған зертханалық жабдықтарды, сақтауға арналған арнайы сөрелер мен жәшіктерді, сондай-ақ қоймаларды қажетті температуралық жағдайлармен қамтамасыз етуге арналған жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды», - деп жазды министр Facebook-те.

Асхат Аймағамбетов ғалымдармен бірге ғылыми орталықтың жұмысын жаңа деңгейге көтеру мәселесін де талқылаған.

«Өз тарапымнан, министрлік ғылыми жұмыстарды цифрландыру, білікті мамандарды тарту, Ұлттық мұрағат қоры материалдарының резервтік көшірмелерін жасау және жалпы осы орталықтың барлық өзекті мәселелерін шешуді бақылауға алатынымызды атап өткім келеді», - деді Білім министрі.

Еске салайық, бұған дейін Асхат Аймағамбетов Алматыда білім беру нысандарының ұстаздарымен кездескен болатын.
Соңғы жаңалықтар