Білім министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинаны патенттемек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК (БҚПҒЗИ) ҚР ӘМ «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-ға (KAZPATENT) COVID-19 алдын алуға арналған вакцинаны және коронавирустық инфекция штаммын әзірлеу жөніндегі екі патенттік өтінім берді.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Әділет министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі таңда екі өтінім де KAZPATENT-тің формалды сараптама кезеңінен өтті.

«Күні бүгінге дейін БҚПҒЗИ ғалымдары патент алу үшін екі өтінім берді:

1. 2020 жылғы мамыр айында - «COVID-19 алдын алу үшін әсерсіздендіретін вакцинаны алу тәсілі»;

2. 2020 жылғы тамыз айында - «COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакциналардың ерекше профилактикалық құралдарын әзірлеу, лабораториялық диагностикалау және биологиялық қорғанысының тиімділігін бағалау үшін қолданылатын COVID-19 коронавирустық инфекциясы вирусының «SARS-CoV-2/KZ_Almaty/04.2020» штаммы».

«Қазіргі кезде өтінімдер мәні бойынша сараптама кезеңінен өтуде. Сараптаманың нәтижесі оң болған жағдайда өнертабыс патенттеледі» - деп хабарлады KAZPATENT директоры Ермек Қуантыров.

Патент өнертабыстың патентке қабілеттілігін, атап айтқанда, «жаңалық», «өнертабыстық деңгейге жеткендігі», «өнеркәсіпте қолдануға жарамдылығы» шарттарына сәйкес келуін тексеретін сараптаманың нәтижелері бойынша беріледі.


Соңғы жаңалықтар