Білім министрі оқушылар арасындағы төбелес туралы: Тәрбие жұмысына атүсті қарап отырмыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым минстрлігінің аппараттық жиынында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов баяндамашылардың дағдарыстық жағдайларда тек формальды есеп берулерін сынға алды. Сондай-ақ, министр Орал қаласындағы жастардың топтасып төбелесуі мен Ақтөбеде орын алған оқиғаларға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәселеге терең үңіліп қарап, салдары неден болып жатыр дегенге жауап бере алмайсыздар. Бәрі атүсті, формальды түрде. Нақты жұмысқа келгенде балалар төбелесіп жатқанын көреміз. Тәрбие жұмысы қайда? Әрбір осындай жағдайларды біз керек болса арнайы жиналыстарда қарастырамыз» - деді министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, балалар арасында жиілеп кеткен құқық бұзушылықтар, оның ішінде топтасып төбелесу фактілерінің көбеюі осындай оқиғаларға формальды қарап, істің шығу себебін анықтамаудан туып отыр. Бұл ретте, ведомство басшысы арнайы комиссиялардың құрылып, жағдайды жан-жақты қарау қажеттігіне ерекше тоқталды.

Министр жауапты қызметкерлерге алдағы уақытта жалпы ақпарат қана ұсынбай, нақты мәселеге байланысты жан-жақты талдау жүргізіп, оң шешімін табуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар