Білім министрі интернет арқылы қашықтан оқытуға не кедергі екенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 2 миллион оқушы қалада оқиды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен мектеп оқушыларының ІV тоқсанда қашықтан оқу жүйесіне арналған онлайн конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқушыларды қашықтан оқытудың бесінші тетігі – интернет арқылы оқу. Қалада оқитын балалар саны – 2 миллион. Аудан орталықтарында оқитын оқушылар саны 500 мыңға жуық. 2,5 миллион оқушы ғана интернет арқылы оқиды деп ойламаймыз. Желінің сапасы, компьютердің интернет желісіне қосылуы мәселесі бар. Интернет арқылы жұмыс істеу өте ыңғайлы болады», - дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Ол осы тетік бойынша жұмыс істеуге екі үлкен кедергі бар екенін айтты.

«Бірінші – компьютердің жетіспеушілігі. Екінші – елді мекенде техникалық мүмкіндік болса да, ол оқушылардың үйінде интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мектеп балансындағы компьютерлерді оқушыларға уақытша бердік. Қазіргі уақытқа дейін 120 мың компьютер мектеп балансынан ата-аналарға беріліп отыр. Ары қарай да біз осы жұмысты жалғастырамыз. Еліміз бойынша компьютер саны жеткілікті. Екіншіден, компьютерді қосымша сатып алу мүмкіндігіміз бар. Жергілікті атқарушы органдардың ұсынысына сәйкес, 79 870 компьютер сатып алу туралы жоспар бар. Оған тиісті қаржы бөлінді. Тиісті сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, Алматы қаласында 10 мыңға жуық компьютер осылай қамтамасыз етілді. Осы жұмыс Нұр-Сұлтан қаласында белсенді жүргізілуде», - дейді министр.


Соңғы жаңалықтар