Білім күні Ақмола облысында министрлер мектеп партасына отырды

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – 1 қыркүйекте Ақмола облысында министрлер мектеп партасына отырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кету керек, ағымдағы жылы Ақмола облысында 614 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда 38 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Елбасының тапсырмасы бойынша балаларды ерте дамыту бағдарламасы енгізілуде.

Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 99 пайызды құрап отыр. Барлық мемлекеттік балабақшаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыста 558 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, оған 124 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Оның 16 мыңнан астамы – бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер.

Бурабай ауданының Щучинск қаласында 135 мектепке алды интернаты бар, 800 оқушыға арналған №11 жаңа ІТ-лицейі есігін айқара ашты. Қазіргі замаңға сай жабдықталған бұл ауыл балалары үшін ресурстық орталығы болатыны сөзсіз.

Білім күні Ақмола облысында елордадан келген қонақтар 8 мектепте алғашқы қоңырау шарасына қатысты.

Оның ішінде, вице-премьерлер Бердібек Сапарбаев және Жеңіс Касымбек Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы И.Құтпанұлы атындағы орта мектеп пен Целиноград ауданының Қоянды орта мектебінде болды. Бұдан бөлек, ҚР Сыртқы істер министрі Бейбит Атамқұлов Ақмол ауылындағы №5 орта мектепте, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қосшыдағы №2 орта мектепте, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қызылжар орта мектебінде, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қызылсуат орта мектебінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров И.Алтынсарин атындағы орта мектепте және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қабанбай батыр ауылындағы №41 орта мектепте өткен алғашқы қоңырау шарасына қатысты.

Сонымен қатар, Ақмола облыстық басқармалардың басшылары бұл шарадан тыс қалмады. Басқарма басшылары өңірдегі аудандар мен қалалардағы 18 мектепте болып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды және олардың ата – аналарын білім күнімен құттықтады.

«Ұстаздарыңның арқасында сендер өздеріңді танып, келешек мамандықты таңдайтын боласыңдар. Әдебиеттен бастап, химияға дейінгі пәндерді терең меңгеріп, жан-жақты тұлға ретінде қалыптасасыңдар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жас ұрпақ Қазақстанның дамуында басты рөл атқарады, прогресстің қозғаушы күші болады. Біз сіздердің жетістіктер мен асқақ армандарға жетулеріңіз үшін барлық жағдай жасайтын боламыз», – деді вице-премьер Бердібек Сапарбаев Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы И.Құтпанұлы атындағы орта мектептің оқушыларын құттықтау сәтінде.

Білім күні жаңа оқу жылының ашылуына байланысты барлық мектептерде азаматтылыққа және патриотизмге тәрбиелейтін «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында сынып сағаттары өтті.

Жаңа оқу жылының ашылуын өткізудегі аталмыш формат мектеп қабырғасында шенеуніктердің, ұстаздардың, оқушылардың және олардың ата-аналарының басын қосуға мүмкіндік береді және келешекте дәстүрге айналады деген сенім бар.



Соңғы жаңалықтар