Білім беру ұйымдарына 6 900 педагог-психолог жетіспейді - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне 6 900-ден астам педагог-психолог қажет. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы білім беретін мектептерде 7 652 педагог-психолог жұмыс істейді. Өңірлерде 1 876 психологиялық қызмет жұмыс істеп тұр, онда 11 мыңнан астам маман қызмет атқарады. Білім беру ұйымдары Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес педагог-психологтың штат бірліктерімен қамтамасыз етіледі. 2021-2023 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында 97 672 млн теңге сомасына 1 535 педагог-психологтың біліктілігін арттыру жоспарланған», - делінген вице-министр жауабында.

Ұсынылған деректерге сәйкес, 2021 жылы – 500, 2022 жылы – 500, 2023 жылы 535 адам аталған орталықта біліктілігін арттырады.

2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда педагог-психологтерге педагогикалық шеберлік санаты беріледі және қосымша ақы төленеді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жүйесін одан әрі дамыту үшін қолда бар деректер бойынша қосымша 6 900-ден астам педагог-психолог қажет. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасының аясында мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарына өзгерістер енгізу көзделген. Бұл педагог-психологтер штатын ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, аталған жол картасы аясында педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бойынша іс-шаралар көзделген.

«Жергілікті деңгейде педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеуді және үйлестіруді қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік орталықтар жұмыс істейді. Педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бөлігінде Министрлік шетелдік әріптестермен (UNICEF) және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізуде», - деп атап өтеді Б.Асылова.


Соңғы жаңалықтар