Бейжіңде «Қытайдың бұлбұлы» атанған қазақ әншісін еске алу шарасы өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Бейжіңде Қытайдың «Бұлбұлы» атанған қазақ әншісін еске алу шарасы өтті - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Бейжің қаласында қазақ халқының біртуар өнер жұлдызы, Қытай Халық Республикасының халық әртісі Камал Қуанышқызының өмірден өтуіне байланысты зиялы қауым өкілдері жиналып, талантты әншінің өнегелі өмірін еске алып, балалары мен туыс-туғандарына көңіл айтты, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, қазақтың танымалы опера әншiсi Майра Мұхамедқызының анасы Камал Қуанышқызы 2019 жылы 10 қазанда дүниеден озған. Осыған байланысты аталған БАҚ «Өнегелі өмір, өшпес есім» атты мақала жариялап, өнерлі шаңырақтың ардақты анасы, бұлбұл үнді әнші Камал Қуанышқызының өмірбаянына шолу жасаған.

Камал Қуанышқызы Ішікбаева - 1934 жылы Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Сондай-ақ, 1951 жылы Алтай аймағының Өнер ұжымына әнші болып өнер жолына қадам басқан. 1955 – 1990 жылдар аралығында Іле Қазақ автономиялы облыстық театрдың әншісі қызметін атқарған. Өз өмірін өнерге арнаған әншінің қазақы сарынды үнімен орындалған 50 ден астам халық әні Бейжіңдегі Орталық халық радиосы мен Шыңжан халық радиосының алтын қорында сақталып қалған.

Сонымен бірге, Камал Қуанышқызының актерлік қыры да өмір шежіресінен «тайға таңба басқандай» анық көрінеді. Ол 1954 жылы түсірілген, Қытайдағы қазақтардың тұңғыш фильмі «Хасен-Жәмилада» Жәмиланың шешесінің рөлін сомдаған. 1955 жылы Үрімжі қаласындағы орыс клубы ұйымдастырған Абай мен Пушкинді еске алу кешінде Татьянаның әнін жеке орындап шықса, 1956 жылдары саханаланған «Қалыңмал», «Сәлиқа-Сәмен», «Анархан», «Ғұншам», «Қызыл шырақ» қатарлы музыкалық драмалар мен операларда басты рөлдерді сомдайды.

Дарынды әнші 1980 жылы Бейжіңде елдің Мәдениет министрлігі ұйымдастырған, Қытайдағы 56 ұлттың әншілері бақ сынаған байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған. Ал 1991 жылы мемлекет әншінің өнердегі өнегелі жолын, ұзақ жылдар мәдениет саласына сіңірген еңбегін бағалап алтын медальмен марапаттайды. Сондай-ақ, бұдан басқада көптеген өнер бәйгесіне қатысып, сан мәрте жүлдегер атанып, түрлі марапат, сыйлықтарға ие болған. Қытай елі өнер иесін «ән бұлбұлы» деп құрметтеген.

Камал Қуанышқызы 1956 жылы Кеңес Одағының 5 республикасына, 1976 жылы араб, Парсы шығанағы елдерінің 8 мемлекетіне, 1982 жылы Түркия, Маракко, Франсия, Швейцария, Пәкістан секілді 6 мемлекетіне өнер сапарымен барып, қазақ халқының әуезді әндерін әлем халықтарына өзінің ерекше бұлбұл үнімен тыңдатып, насихаттаған.

Этникалық қазақ Елнұр Абдураиымов тағы Өзбекстан чемпионы атанды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Бірнеше күнге жалғасқан бокстан Өзбекстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Ташкенттегі «Универсал» спорт сарайында өткен бұл жарыста Өзбекстанның үздік ең мықты деген боксшылары тағыда іріктеліп, финалдық кездесулер кезінде олардың дайындығы жылдағыдан өзгеше кендігін байқатты. Республика бойынша 200-ге жуық боксшылар қолғап түйістірген жарыста жақсы нәтиже көрсетіп чемпион атанған Ташкент облысында туған боксшылар болды. Олар қатарында Ташкент облысының Бостандық ауданында туған Елнұр Абдураиымов 64 келі салмақта жеңімпаз атанды. Елнұр қазірде әуесқой бокспен бірге кәсіпқойлықты да қатар алып келеді», - деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Еске сала кетейік, Өзбекстан құрамасының мүшесі, этникалық қазақ Елнұр Абдураимов 2015 жылы Азия біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінсе, 2017 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан.

Еркін Жамантайұлы: Азия чемпионатына жеңімпаз боламыз деп бардық - kaznews.mn

Жақында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Хилчин спорт клубының спортшысы Төгсжаргалын Номин-Эрдэнэ қыздар арасындағы сайыста 57 келі салмақта чемпион атанған. Осы Хилчин спорт клубының бапкері Еркін Жамантайұлы өзі баптаған шәкіртінің жеңіс жолы мен бапкерлік жұмысының қыр-сыры туралы Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталына сұхбат берген.

«...Бұл жолғы чемпионатқа менің шәкіртім Т.Номин-Эрдэнэ сәтті қатысты. Біз чемпионатқа жеңімпаз боламыз деген мақсатпен барғанбыз. Алға қойған мақсатымыз орындалды. Қыздар арасындағы бәсекеде 57 келі салмақта Т.Номин-Эрдэнэ жартылай финалда Қазақстандық Анар Тұрсынбекті 5:0 есебімен, финалда ҚХР-ның боксшысы Лиянды 4:1 есебімен ұтты. Бұл салмақта Азия құрлығындағы бокс өнері қарқынды дамыған ҚХР, Қазақстан, Үндістан, Тайван спортшылары болған. Номин-Эрдэнэ жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында чемпион атанған Моңғолияның қыздар арасындағы алғашқы спортшы атанып отыр. Шәкіртіме болашақта Олимпиада, әлем чемпионатының жеңісін тілеймін!», - дейді Еркін Жамантайұлы.

Сондай-ақ, аталған сұхбатында білікті бапкер өзінің жұмысы туралы айтты.

«Алғаш рет үйірме ашқан кезімде 5-6 бала ғана жиналған болатын. Ішімнен «мен бапкер бола аламын ба?» – деп өзіме сұрақтар қойып, күдіктенген кездерім де болған. Кешікпей бапкерлік жұмысыма бел шешіп кірген соң, ертеңгі жаттығу тез болса ғой деп күтетін болдым. Шәкірттерімнің жетістігі маған қуат сыйлайды. Алда үйренетін жұмыстарымыз көп. Тек ғана еңбектенуіміз керек. Шетелге жарыстарға бару үшін өз қалтамыздан қаражат шығаратынымызды жасырып қайтеміз. Еліміздегі жаттығу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Сонымен қатар, биыл жазда Қазақстанға барып жаттығу жұмыстарына қатысып қайттық. Шәкірттерімді ертіп, өзім Алфард машинамның тізгінін ұстап Алматы қаласына барып қыздар құрамасымен бірге 14 күн бірлесіп жаттығу өткіздік. Көптеген тәжірибе жинақтадық. Бұл жерде, мені үнемі қолдап жүретін басшыларға, ұжымға алғысым шексіз екенін айтқым келеді», - дейді Еркін Жамантайұлы.

Германия көшіне 58 жыл болды - TRT

Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының төрағасы Абдуллах Ерен Түркиядан Германияға көшкендердің елдің тек жұмыс күшіне ғана емес, экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени құрылымына да үлес қосқанын айтты, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Уақыт тек Германияның жұмыс күшіне емес, экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени құрылымына да белсенді үлес қосқан үрдіс туғызды. Осы үрдісте көбі тілдерін де білмейтін осы елде бір-бір табыс хикаясының кейіпкерлері болған алғашқы буын бүгін төртінші буынға жетіп отыр. Ендігі жас және қажырлы буын да өздері өмір сүрген елде қоғамға пайдалы бола отырып, атамекен мен ана тілінен де ажырамай, екі ел қатынастарына маңызды үлес қосатынына сенемін»,- дейді Абдуллах Ерен.

Абдуллах Ерен сонымен бірге 58 жыл бұрын 1961 жылдың 30 қазан күні Германияның Бонн қаласында қол қойылған «Жұмыс күші келісімімен» бірінші сатыда 2500 түрік азаматының Германияға көшкенін атап көрсетті.

Түрік азаматтары арадан өткен уақыт ішінде Германияда саясаттан экономикаға, мәдениетен спортқа дейін қоғамның барлық саласында өзін көрсете білді. 3,5 миллионнан астам түрік азаматтар Германияда төртінші буынға жетті.

Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасы шетелдегі барлық азаматтар үшін болғаны секілді Германиядағы қандастар үшін де білім беру, мәдениет, құқық секілді салаларда жобалар жүргізіп келеді.

Ухань қаласында 7-ші жазғы Дүниежүзілік әскери ойындарының жабылу салтанаты өтті - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Қытайдың Ухань қаласында 27 қазан күні 7-ші жазғы Дүниежүзілік әскери ойындарының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, әлемдік аламанда әскери спортшылар спорттың 27 түрі бойынша және 329 шағын түрі бойынша сынға түскен. Бұл жолғы жарыс бәсекесінде 7 әлемдік рекорд жаңартылса, Дүниежүзілік әскери ойындар жарысының 85 рекорды жаңартылған. Қытай құрамасы 133 алтын, 64 күміс, 42 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 1-орын иеленген.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, осы жарыста бақтарын сынаған Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 109 елдің ішінде 11 орыннан көрінген. Ұлттық құрама қоржынында 4 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль бар. Қазақстандық әскери спортышылар спорттың 11 түрі бойынша бақ сынаған. Атап айтқанда: таеквондо, еркін күрес, дзюдо, оқ ату, бокс, грек-римдік күрес, қазіргі бес сайыс, жүзу, спорттық бағдарлау, жеңіл атлетика және пентатлон бар.

Қазақстан - құс тұмауы жоқ ел -TRT

Қазақстан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы тарапынан құс тұмауы жоқ ел деп жарияланды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Қазақстан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы тарапынан құс тұмауы жоқ ел деп жарияланды. Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінен жасалған мәлімдемеде аталмыш мәртебенің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ветеринарлық (мал дәргерлік) ұйымдарының еңбегімен қолға келгені атап көрсетілді.

Құс шаруашылығы саласы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің маңызды құрамдас бөлігі екені дәріптелген мәлімдемеде: «Қазақстанға құс тұмауынан таза ел мәртебесінің берілуі Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық қуатын іске асыруына үлкен мүмкіндік береді, елдің экономикалық дамуы мен абыройын арттыруға оң әсерін тигізеді» деп көрсетілді.

Дүниежүзінде жануарлардың денсаулығын жақсартуға жауапты Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының орталығы Францияның астанасы Париж қаласында тұрады.

АҚШ Өзбекстандағы білім реформасына 50 миллион доллар қаржы бөлмек - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Алдағы бес жыл ішінде АҚШ үкіметі Өзбекстандағы білім саласын дамыту үшін 50 миллион доллар инвестиция салмақ, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, тараптар дәл осы сала жөнінде екі жақты келісімшартқа қол қойған. Бұл келісімдегі негізгі бағыт Өзбекстандағы білім саласындағы реформаларды қолдауға арналған. Алдағы бес жыл ішінде АҚШ үкіметі Өзбекстандағы білім саласын дамыту үшін 50 миллион доллар инвестиция салмақ. Оған қоса, Өзбекстан аумағында ағылшын тілінің оқыту методикасын нығайтуға 5 миллион доллар қаржы бөлуді жоспарлаған.

Бұл жөнінде кеше Ташкенттегі «Миран» қонақ үйінде өткен Америка университеттері көрмесінің ашылу салтанатында АҚШ-тың Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм мәлімдеді.

«Education USA Fair» атты көрмеде АҚШ-тың 465-ке жуық ЖОО мен коллеждері жайында мәліметтер беріліп, олар арасындағы 16 оқу ордасының өкілдері арнайы қатысқан. Америка университет-колледждерінің өкілдері өзбекстандық студенттерге АҚШ ЖОО-да оқу және онда қалай грантты ұтып алу туралы ақпараттармен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар