Бейжің билігі ковидке байланысты шектеулерін қайта енгізді

Фото: None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытай астанасының билігі COVID-19 вирусына байланысты шектеулерді қайта енгізуде. Індет елдегі халық тығыз орналасқан Чаоян ауданынан анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бейжің қалалық денсаулық сақтау комитеті коронавирус жұқтырудың бір тәулікте 60-тан астам жаңа жағдайы тіркелгенін хабарлады. Індетке шалдыққан адамдар вирусты Чаояндағы жергілікті түнгі барлардың бірінен жұқтырғаны белгілі болды.

Сонымен бірге, сол барға барып, ковид жұқтырған науқастар осы аптада Қытай елордасының басқа 13 ауданынан анықталған. Бейжің әкімшілігінің мәліметінше, барға келушілер арасында жергілікті «Денсаулық коды» қосымшасындағы QR-код арқылы тексерілмегендер көп болғандықтан, бұл індет жұқтыруы мүмкін адамдарды іздеу жұмыстарын қиындата түсуде.

Бейжіңнің Чаоян ауданында шамамен 3,5 миллион адам тұрады және шетелдік дипломатиялық өкілдіктер орналасқан. Бейсенбіден бастап ондағы барлық интернет-кафелер мен ойын-сауық орындары жабыла бастаған. Сол күні Чаояндағы тұрғын алаптарының көбінде тұрғындардан коронавирусқа тест алына бастаған.

Бұрын хабарланғандай, 6 маусымнан бастап Бейжіңде коронавирусқа қарсы шектеулер біртіндеп алына бастап , қоғамдық көліктердің жұмысы қалпына келіп, сауда орталықтары мен спортзалдар ашылды.


Соңғы жаңалықтар