Бейбітсүйгіш ел бастамалары әлем сарапшылары тарапынан қызу қолдау тапты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конфе­ренциясы аясында бірнеше панельдік сессия ұйым­дастырылды. Оған отандық және шетелдік сарапшылар қа­тысты. Мәселен, «Ядролық сынақтарға тыйым салу және БҰҰ-ның ядролық қарусыздануға қол жеткізудегі рөлі» тақырыбындағы сессияға қатысушылар көтеріліп отырған мәселеге қатысты өздерінің ой-пайымдарын ортаға салды, деп жаазды «Егемен Қазақстан».

«New Agenda Countries» Үкіметтік емес ұйымы сарапшылар тобының мүшесі, БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану мәселелері жөніндегі бұрынғы Жоғарғы өкілі Серхио Дуарте мұндай жиындар ядролық қарусыздану мәселесін, осы бағытта жүзеге асырылуы тиіс іс-шараларды жан-жақты талқылау үшін маңызды екенін алға тартты.

Кейбір елдер өздерінің әскери қуатын күшейткісі келіп отырған жайы бар. Міне, бұлардың барлығы ядролық қарудан туатын қауіп-қатерді күн тәртібінен түсірмей отыр. Ядролық қару барлық елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Бұл орайда, халықаралық қоғамдастық Қазақстанмен бірлесіп, ядролық қаруға тыйым салу бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Біз бұл конференцияда маңызды декларация қабылдап, ондағы мақсат-міндетті қоғамға жеткізуіміз керек, деді.

Таиландтан келген БҰҰ Ашық жұмыс тобының ядролық қарусыздану бойынша көпжақты келіссөздерді ілгерілету жөніндегі төрағасы Тхани Тхонгфакди бұл жұмыс тобының негізгі тетігіне, оның атқарар қызметіне тоқталды.

Жұмыс тобының тетігі биылғы жылдың 9 тамызында, Нью-Йорк қаласында іске қосылды. Яғни, бұл бүгінде БҰҰ Бас Ассамблеясының ядролық қарусыздану саласында жаңа бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр дегенді білдіреді. Бүгінде бұл мәселенің түйінін қалай тарқату жолдары әлі де айқын емес. Біздің жұмыс тобымыз түрлі идеяға негізделген бас­тамаларды көтеріп келеді. Біздің өзіміздің заңдық ережелеріміз бар. Ұлттық қауіпсіздік пен ұжымдық қауіпсіздікке қатысты түрлі пікірталастар мен кездесулер де ұйымдастырамыз. Жалпы алғанда, адамдардың басым көпшілігі ядролық қарудың адамзатқа қауіп төндіретінін жақсы біледі, сезеді. Себебі, мұның салдары өте ауыр. Егер де, мұндай жағдаймен бетпе-бет келетін болсақ, ол бүкіл әлемге өз зардабын тигізетін болады, деді өз сөзінде Тхани Тхонгфакди.

Сонымен қатар, ол ядролық қаруға тыйым салуға қатысты заңнамаларды жан-жақты талқылау қажеттігіне, олар атом қаруын тоқтатуға бірден-бір сеп болатын тетік екеніне назар аудара келе, жұмыс тобының бұл ұсынысы көп мемлекет тарапынан қолдау тапқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол бүгінде азаматтардың басым көпшілігінің ядролық қарудан төнетін қауіп-қатерді жақсы білетінін алға тарта келе: «Мәселен, Қазақстан халқы бұл сынақты өз басынан кешірді. Оның залал-зардабын әлі күнге дейін тартып отыр. Ендеше, бұл мәселе барлығымызды ойландыруы тиіс», деді.

Ал «Ядролық қарусыз немесе соғыссыз қауіпсіздік: «Әлем. XXI ғасыр» манифесі» тақырыбында өткен панельдік сессияға қатысқан БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі және БҰҰ-ның Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясы бойынша өңірлік орталығының басшысы Петко Драганов ядролық қарусыз әлем құруға арналған жиынның маңызын айрықша атап өтті.

«Қазақстан барлық жаһандық, өңірлік елдерге үлгі болып отыр. Мәселен, «Әлем. XXI ғасыр» манифесі - өте маңызды құжат. Ядролық қарудан азат аймақ қалыптастыру мәселесі бүгінде бүкіл дүние жүзін толғандырады десе де болады. Міне, осындай жағдайда, мұндай құжаттың рөлі орасан. Бүгінгі таңда әлемнің әр қиырында қалыптасқан жағымсыз сыртқы факторлар елдердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін. Ядролық қару мемлекетке алапат зардабын тигізетінін ұғынатын кез келді. Сондықтан, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру - барша мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қажет. Демек, бұл бағыттағы әрбір қадам табысты болуы тиіс, дей келе, БҰҰ Қазақстанның осы бағыттағы саясатын толықтай қолдайтынын атап өтті.

«Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменов Семейдегі сынақ полигонының жабылу тарихын тағы бір еске алып өтті. «Біз ол кезде, ең алдымен, парламентаралық референдум ұйымдастыруды жөн деп санадық. Яғни, дүние жүзіндегі барлық парламенттің: «Адамзатқа ядролық қару қажет пе?» деген сауалға жа­уап беруі үшін қажет еді. Біз кейбір парламенттердің еріксізден «иә» деп жауап беретінін де алдын ала білдік. Бірақ, басым көпшілігі, шамамен, 200-ге тарта парламенттің «жоқ» деп жауап беруі - ядролық сынаққа қарсы тұру үшін маңызды фактор болғаны анық», деді О.Сүлейменов.

Алайда, ол қазір адамзаттың ядролық қарудан қашан толықтай бас тартатынын білмейтінін, себебі, әлемнің өте күрделі кезеңді бастан кешіп отырғанын жеткізді. «Десек те, Астана төрінде өткізіліп отырған жиын мәселенің дұрыс бағытта жүруіне ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл мәселеге, әсіресе, жастарды көбірек тарту керек. Жастар біздің тәжірибемізге сүйене отырып, бұған дейінгі жүргізілген жұмыстарды одан әрі нәтижелі түрде жалғастырады деп ойлаймын», деді өзінің сөзінде О.Сүлейменов.

Оңтүстік Африкадан келген «Діндер бейбітшілік үшін» ұйымының вице-президенті Эла Ганди ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның бүкіл әлемге үлгі болып отырғанын айтты. Мәселен, ол: «Біз Қазақстанмен бұл мәселеде біргеміз. Біздің бұл жағынан пікіріміз ұқсас. Бізді қолдайтын елдер бар. Демек, бұл мәселеде біз жалғыз емеспіз деп ойлаймын. Сондықтан, ядролық қарудан бас тарту төңірегіндегі жүйелі жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек. Ол үшін, ең алдымен, бізде оны жүзеге асырамыз деген сенім болуы керек. Сенім болған жерде ойға алған ісімізді нәтижелі түрде жүргізе аламыз. Кеш болмай тұрғанда, ортақ келісімге келгеніміз жөн», десе, Армения Ұлттық ассамблеясы Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Артак Закарьян осындай маңызды жиынды өткізгені және қонақжайлығы үшін Қазақстан тарапына алғысын білдірді.

«Биыл Қазақстан да, Армения да өздерінің тәуелсіз мемлекет атануларының 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы орайда, Қазақстан халқын осынау айтулы оқиғамен құттықтаймын», деді бұл орайда ол. Сонымен қатар, А. Закарьян Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу бағытында көтерген бастамаларын жоғары бағалай келе, еліміздің тәжірибесіне сүйене отырып, басқа мемлекеттердің де осы үдерісті одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. «Армения Орталық Азияда Ядролық қарусыз аймақ құру идеясын қолдайды. Себебі, бұл халықаралық және өңірлік ауқымдағы күш-жігерді біріктірер еді», деді А.Закарьян.

Үндістан Парламенті Жоғарғы палатасының мүшесі Винай Сахасрабудхе Үндістанның ядролық қарусыздану мәселесі бойынша БҰҰ мінберінен бастама көтеретін, оның қауіп-қатерін азайту мәселесін күн тәртібіне қойып жүрген елдердің бірі екеніне тоқталды. Үндістан ядролық қауіпсіздікке арналған 4 бірдей саммитке қатысты. Сол арқылы бұл қатерден арылудың жолдарын ұсынған елдердің біріне айналды. Қазақстан мен Үндістан бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Біз Қазақстанның ядролық қарусыздану бағытындағы іс-шараларына жан-жақты қолдау білдіреміз, деді В.Сахасрабудхе.

АҚШ-тан келген лауазымды өкіл - «Діндер бейбітшілік үшін ұйымы» Бас хатшысының орынбасары Кйочи Сугино «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің маңызын, оның қазіргідей күрделі кезеңде ұсынылу өзектілігін атап өтті. «Біз өзгелердің қауіпсіздігіне қауіп төндіру арқылы өзіміздің қауіпсіздігімізді сақтай алмаймыз. Мұндай түсінік әлем қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді», дей келе, бейбітшілікті сақтау жолында әлемдік қауіпсіздікті алдымен қорғау қажеттігін алға тартты. «Себебі, менің қауіпсіздігім сіздердің елдеріңіздің қауіпсіздігіне тікелей байланыс­ты. Кез келген елдің қауіпсіздік қалқаны әлсіз болса, бұл тиісінше әлемнің қауіпсіздігіне әсер етеді. Сондықтан, бұл жерде күш-жігерді біріктіру мәселесі күн тәртібіне шығады. Осыны әрдайым назарда ұстағанымыз жөн», деді К.Сугино.

Бұл күні жиынға қатысушылар, сондай-ақ, «Ядролық қаруға ұлттық деңгейде тыйым салу және ядролық қарудан азат аймақтар. Орнықты әлем географиясы» және «Бастамалар мен іс-қимылдар» - заң шығарушылар, діни лидерлер және азаматтық қоғам» тақырыптары бойынша өткен сессия отырыстарында да әлемді толғандырып отырған мәселе төңірегінде өз ой-пайымдарымен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар