Бейбіт жиындар туралы заңға қандай өзгерістер енгізгелі жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова «ҚР-да бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы ұсынып отырған негізгі өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – мүлде жаңа заң жобасы. 1995 жылы қабылданған заңға қарағанда бәрі түсінікті. Бейбіт жиындардың барлық түріне, атап айтқанда митингілер мен шерулердің, демонстрациялар мен пикеттердің бәрі де заң жобасында түсіндіріле жазылған. Екіншіден бейбіт жиындарды өткізудің регламенттеліп, ескерту тәртібі енгізіліп жатыр. Бейбіт жиынға өтініш берушіні өз ұйымын немесе қоғамды алаңдатқан мәселелер бойынша сұрақтар мазаласа, ол жергілікті атқарушы органға митингі туралы өтінім беріп, өтінішінде жиынды өткізудің орынын, мақсатын және мерзімін белгілеп, көрсете алады», - деді Әлия Ғалымова елордада заң жобасының тұжырымы талқыланған жиын алдында тілшілерге.

Оның айтуынша, заң жобасында бейбіт жиынға қатысушы барлық тараптың құқықтары айқындалған.

«Бейбіт жиынды ұйымдастырушы, оған қатысушы, журналист – олардың құқықтары мен өкілеттігі нақты жазылған. Бұл өте маңызды қадам. Бұрынғы заңда бұл бөлік қарастырылмаған еді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган әрбір тұрғылықты жерде арнайы (қала шетінде емес) орынды айқындайды. Мәслихаттардың шешімі бойынша тұрғылықты жерде бейбіт жиын өткізуге болатын бірнеше алаң беріледі», - деді министрлік өкілі.

Әлия Ғалымова арнайы орындарды айқындау кезінде жергілікті атқарушы органдар азаматтардың қауіпсіздігі мен сол жерге жете алу жағдайын, көлік мүмкіндіктері мен инфрақұрылымын ескеретінін айтып өтті.

«Қолданыстағы заң жобасында мұндай нақты форма жоқ. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты тек алаңдар тізімін айқындады. Басқа тұрғылықты жерлерде мәслихаттар бейбіт жиын ережелерінің қосымша шарттары туралы айтып жатыр. Бұл тәжірибені ортақ жүйелілікке алып келеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының тұжырымын таныстырған болатын.



Соңғы жаңалықтар