Бейбіт жиын туралы заң демократиялық бағыт ұстанған елге қажет - Ирина Терентьева

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елімізде қоғамдық талқылауға шығарылған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, шеру, пикеттер, демонстрациялық жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы» заң жобасы демократиялық бағыт ұстанған ел үшін қажет. Бұл туралы «Ақмола облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, әрбір заң – жаңа мүмкіндік. Заңның ауқымы мен өзектілігі, қолдану аясы қоғамның талқысына байланысты.

«Қолданыстағы заң сонау 1995 жылы қабылданған. Сондықтан, ол заң қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Жаңа заң жобасының бұрынғысынан ерекшелігі - енді митинг өткізу үшін ең алдымен рұқсат алу мәселесі емес, митингіге қанша адам қатысатыны, қай жерде өтетіні, қандай мәселе көтерілетінін ескертіп айту жағы қаралады. Бұл - мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызды»,- дейді Ирина Терентьева.

Осы ретте ол ұсынылып отырған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, шеру, пикеттер, демонстрациялық жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы» заң жобасында бейбіт жиындарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, журналистердің құқықтары мен міндеттері нақтыланғанын алға тартуда.

«Жаңа заң жобасында ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қарастырылған. Бұл әрине, мемлекеттік органдардың халықпен байланысын нығайтып, кез келген мәселені митингі арқылы емес, ашық диалог арқылы шешуге итермейлейді. Сондықтан, бүгінгі күні осындай заң әсіресе, демократиялық бағыт ұстанған ел үшін қажет», - деп түйіндеді Ирина Терентьева.


Соңғы жаңалықтар