Бейбіт жиналыстар туралы заң біздің қоғамда жиындар мәдениетін қалыптастырады - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң жобасын модернизациялық күнтәртібі негізінде қарастырған жөн. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң жобасын модернизациялық күнтәртібі негізінде қарастырған жөн. Саяси экономика саласындағы беделді ғалымдардың бірі Ф.Фукуяма модернизация теориясының үш негізгі құрылымын көрсетеді – бұл экономикалық өсу, әлеуметтік жұмылдыру және саяси даму. Осы элементтердің әрқайсысы қоғамның «дәстүрлі» күйден «заманауи» модельге өзгеруі мен ауысуында негізгі рөл атқарады«, - деді сарапшы.

Оның атап өтуінше, Қазақстан көп жағдайда Оңтүстік Азия елдерінің жаңғыру жолымен жүріп келеді. Жапония, Оңтүстік Корея және Тайваньдағы XX ғасырдың екінші жартысында орын алған қарқынды экономикалық өсім азаматтық қозғалыстардың өсуіне және соған байланысты саяси өзгерістерге себеп болды. Осыған ұқсас сценарий Қазақстанда байқалады. Яғни тәуелсіздік кезеңінде индустриялық даму бағдарламалары арқылы мемлекет тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етті. Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту азаматтардың Үкіметпен сұхбаттасуға және мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуға деген сұранысының артуына әкелді.

«Осы тұрғыда Қазақстандағы бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген саяси реформалар топтамасына кіреді. Осылайша, Қазақстан қоғамды жаңғыртудың соңғы сатысында тұр. Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы азаматтардың әлеуметтік жұмылдыру және түрлі қоғамдық-саяси мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіру мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған. Сонымен қатар, бейбіт жиналыстарға рұқсат алудың хабарландыру сипатына өтуі – бұл қазақстандық саяси жүйені ырықтандыруға бағытталған прогрессивті қадам», - деді ол.

Сарапшы бейбіт жиналыстар туралы заңның қабылдануы түптеп келгенде қазақстандық қоғамда митингілер, пикеттер және демонстрациялар мәдениетін қалыптастыратындығын айтады.

«Өз кезегінде, азаматтардың «кері байланысы» мемлекеттік саясат саласындағы ойластырылған шешімдердің қабылдануына ықпал етеді. Бейбіт жиналыстар туралы заңға түзетулер кең ауқымды көзқарас тұрғысынан алғанда қазақстандықтардың азаматтық болмысын нығайтуға және қоғамның мемлекеттік билік жүйесіне әсерін күшейтуге мүмкіндік береді», - деді Слямжар Ахметжаров.


Соңғы жаңалықтар