Бейбіт Атамқұлов қоғамдық кеңес алдында есеп берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бейнеконференция форматында өткен қоғамдық кеңес отырысында министрлік жетекшілік ететін бағыттар бойынша биылғы міндеттердің іске асырылу барысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл министрлік 2025 жылға дейінгі Индустрияландыру бағдарламасын іске асыруға кірісті. Негізгі мақсат – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Пандемияға қатысты дағдарысқа қарамастан 2020 жылдың 8 айында елімізде өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайыз артты. Түсті металлургия +2,7, фармацевтика +34,1, жеңіл өнеркәсіп +11, машина жасау +16,3, химия өнеркәсібі +3,1 пайыз өсті.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында жыл басынан бері 187,3 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бағдарламаның жаңа бастамаларын іске асыру мақсатында бірқатар заңнамалық бастамалар топтамасы әзірленді. Үкіметтің Қаулысымен «ҚДБ-Лизинг» АҚ базасында Өнеркәсіптік даму қоры құрылып, қаржыландыру құралдары кеңейтілді.

Бүгінгі таңда «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңның тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Тұжырымдама қазіргі уақытта жұмыс тобының қарауында жатыр. Жыл соңына дейін Тұжырымдама бекітіліп, Заң жобасы әзірленеді деп жоспарланып отыр.

Мемлекет үшін күрделі кезеңде министрлік аз ғана уақыт ішінде халықты қажетті медициналық бұйымдармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жұмысты қайта бағдарлай алды.

Нәтижесінде бүгінгі таңда нарықтың күн сайынғы сұранысы тәулігіне 900 мың дана бетперде болса, фармацевтикалық кәсіпорындардың жүктемесі 75 пайыз шамасында. Эпидемиологиялық ахуал ушыққан жағдайда өндірісті тәулігіне 1,5 млн данаға дейін жеткізетін қуаттылық резерві қарастырылған.

Аталған министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, жер қойнауын пайдалану саласында 2017 жылы батыс австралиялық үлгі негізінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР жаңа кодексі қабылданды. Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін жалпы ауданы 733 мың шаршы шақырымды құрайтын 300 мыңнан астам блок қойылып, барлау жұмыстарына 780-нен астам лицензия берілді.

Аталған бастама минералдық шикізат базасымен толықтыру үшін Қазақстан аумағын қамтуға мүмкіндік беріп, келісім-шарттар саны 2019 жылғы 68-ден 575-ке дейін жетеді.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы 6 жылда 11 мың шақырым автожол салу және қайта жаңғырту, сондай-ақ республикалық жолдардың 11 мың шақырымын күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр. Оған қоса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдар үлесін 100, І және ІІ техникалық санаттағы жолдарды 60 пайызға дейін жеткізу, жол бойындағы сервис объектілерімен 100 пайыз қамтамасыз ету міндеті тұр.

Теміржол транзитін 49 пайызға 18 млн-нан 26,9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Контейнерлік транзитті 2025 жылға дейін 2 есеге ұлғайтып, 2025 жылы 1,6 млн контейнерге жеткізу көзделген. Жолаушылар тасымалы жылына 8,1 млн-нан 11 млн-ға артып, 35 пайызға өседі.

Жоспарланған жобалардың барлығын іске асыру 550 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде көлік саласында еңбек өнімділігі 20 пайызға, инвестициялар мөлшері 3 есеге ұлғаяды.

Министрлік темір жол көлігімен жүк тасымалдау нарығында шынайы бәсекелестік орнатуды есепке ала отырып заңнаманы әрі қарай жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Мемлекет басшысы өз Жолдауында іргелі инфрақұрылымдық жобалар, қызмет сапасын және транзиттік бағыттардың жылдамдығын арттыру есебінен Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударды.

Аталған бағытта министрлік 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында осал тұстарын жою үшін бірқатар іргелі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда 2021 жылдан бастап Достық-Ақтоғай-Мойынты (840 шақырым) учаскесін жаңғырту жөніндегі страгегиялық жобаны іске асыру учаскенің өткізу қабілетін 2 есеге арттырып, жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есеге қысқартады.

Учаскені жаңғырту кезінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұған қосе, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ұзындығы 73 шақырымдық Алматы стансасын айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы жобасы да бар.

Ал жолаушылар тасымалы қызметін әрі қарай жақсарту үшін биыл жылы 100 жаңа вагон сатып алу жоспарланып отыр. Министрлік сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін теміржолмен жолаушылар тасымалдаудың қолжетімділігін қамтамасыз етуде мақсатты түрде жұмыс жүргізуде.

Қазіргі уақытта 44 бағытта 98 дана арнаулы вагон-купе жүреді және вагондардың ішінде еркін қозғалатын, түскенде және мінгенде қолданылатын мүгедектерге арналған арбалар бар. Сондай-ақ әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша жүруге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.

Тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында Қазақстанда «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда бір тұрғынға шаққанда баспананы пайдалануға беру көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл ТМД елдері ішінде ең жоғары көрсеткіш және дамыған елдердің деңгейіне жақындады. Биыл 15 млн шаршы метр баспана салу және 39 мың отбасына мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланып отыр.

Заңнамалық қызмет аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарының, тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметін реттейтін тұрғын үй құрылысы заңнамасына өзгерістер және жалпы мүлікті күрделі жөндеудің жаңа тетігі енгізілді.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» базасында «Отбасы банк» даму және қолдау толыққанды институтын құру арқылы тұрғын үй саясатын дамытудың әрі қарайғы шаралары пысықталуда. 2020 жылдың соңына дейін «Отбасы банкке» жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғындардың дерекқорын беріп, мемлекеттік базаларға толық қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғындардың баспана мәселесін тезірек шешу үшін жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау (жалдау ақысының 80% дейін) тетігін енгізу ұсынылды. Мұнда баспананы жалдау құнының бір бөлігін субсидиялау ұсынылады.

«Отбасы банк» қолдау көрсетілетіндерді кезекте тұрғындардың ішінен келесі санаттар бойынша анықтайды: отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін кірісінің болуы; жалдау мерзімі 5 жылға дейін. Мұқтаж екенін растаған жағдайда ол мерзім ұзартылады; жалға алынатын баспананың орташа ауданы 60 шаршыметр; әр өңір үшін шаршы метрін жалдау құны анықталады.

Сондай-ақ, жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігін енгізу жайы пысықталуда. Бүгінгі таңда елімізде 6,5 мыңдай ауыл болса, оның 3,5 мыңдайы болашағы зор ауыл саналады.


Соңғы жаңалықтар