Бейбіт Атамқұлов: Энергияны үнемдеу бойынша жауапты мамандар бекітіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес әзірленді. Мақсаты - кәсіпорындардың энергия тиімділігіне қойылатын талаптарды күшейту, энергия тиімділігін арттыру саласындағы жүргізілетін саясаттың түпкі нәтижесіне қол жеткізу.

Құжат энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге бағытталған. Жалпы Заңның 9 бабына өзгеріс енгізіліп, 2 жаңа баппен толықтыру көзделген. Негізгі бағыттар - мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиті, мемлекеттік бақылау, бюджет секторы және өңірлік саясат.

«Біріншіден, елдегі тұтыну көлемінің үштен бірі тиесілі ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты тұлғаларды енгізу ұсынылады. Олар энергия менеджерлерінің рөлін атқармақ. Сонымен қатар, энергетикалық тізілім аясында жеке сектор үшін ақпарат тізбесін оңтайландыру ұсынылады. Мемлекеттік сектор үшін автоматтандырылған жылу пунктімен қамтамасыз ету туралы және басқа да ақпаратпен толықтыру арқылы кеңейту көзделеді. Мақсат - ең озық тәжірибелермен әрі қарай салыстыру және ұсыныстар дайындау», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, энергия аудиторларына үміткерлерді аттестаттау функцияларын қызметкерлердің лайықтылығын растайтын органдарға беру ұсынылады. Бұл шара сала сарапшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп, энергия аудитінің сапасын жақсартады.

Бұдан бөлек, заң жобасында энергия аудиттерін толық, мақсатты және жедел энергия аудиті етіп жіктеу көзделген.

«Энергия үнемдеу саясатын іске асыруда жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. Бүгінде жергілікті жерлерде энергия үнемдеу шараларына бағытталған бағдарламалар жоқ.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға үш жылға арналған жол карталарын қабылдау және іске асыру құзыретін беру ұсынылады», - деді министр.

Бейбіт Атамқұловтың сөзіне қарағанда, энергия үнемдеудің елеулі әлеуеті бар бюджет секторын реттеуді күшейту және бюджет шығындарын азайту мақсатында тиісті құралдар ұсынылды.

Осы орайда:

- Мемлекеттік мекемелерде энергия үнемдеуді қамтамасыз ететін, сонымен бірге энергия тұтынатын жабдықтар нарығын қайта құруға серпін беретін Энергия тиімді мемлекеттік сатып алуды енгізу.

- Энергия тұтыну нормативтерін қабылдау, олардың сақталуына мониторинг жүргізу, бенчмаркинг және энергия тиімділік бойынша тиісті ұсынымдар беру.


Соңғы жаңалықтар