Берік Шәріп: Медициналық мекемелерге дәрі-дәрмекті тез арада жеткізуге дайынбыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «СК-Фармация» АҚ Басқарма төрағасы Берік Шәріп медициналық мекемелерге дәрі-дәрмек қалай жеткізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СК-Фармация» қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бүкіл медициналық мекемеге дәрі-дәрмекті жеткізумен айналысып жатыр. Жалпы кепілдендірілген медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы дәрі-дәрмекті жеткіземіз. Соның ішінде дәрі-дәрмектің 1 385 атауы біздің тізімге кіреді. 15 маусымда қабылданған клиникалық хаттамаға байланысты 121 дәрі-дәрмек коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмек тізіміне кіреді», - деді Берік Шәріп ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Берік Шәріптің айтуына қарағанда медициналық ұйымдардың ұсыныстары бойынша коронавирусқа қарсы қабылданатын дәрі-дәрмек 7,4 млрд теңгеге жеткізілген.

«Қазіргі кезде коронавирус жұқтырғандардың санының өсуіне байланысты жеткізілетін дәрі-дәрмек көлемі көбеюде. Мәселен екі жұма бұрын 974 млн теңгенің дәрі-дәрмегін жеткізсек, соңғы аптада 1,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмекті жеткізіп жатырмыз. Сонымен қатар қазіргі кезде коронавирус індетін емдеуге арналған 2,1 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі бар. Медициналық мекемелерден қосымша ұсыныстар түсіп жатыр. Дәрі-дәрмекті тез арада жеткізуге дайынбыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар