Берік Имашев алдағы Мәжіліс депутаттарын сайлауға қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев алдағы Мәжіліс депутаттарын сайлауға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, бүгіннен бастап Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша науқан басталды. 2016 жылғы 20 наурызда сайланған Мәжіліс депутаттарының конституциялық өкілеттік мерзімі 2021 жылғы наурызда аяқталады. Сайлау заңнамасына сәйкес, Мәжіліс депуттарының кезекті сайлауын Президент депуттардың өкілеттігі мерзімінің аяқталуынан кемінде бес ай бұрын тағайындайды және ол екі айдан кешіктірмей өткізіледі. Осылайша, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлау науқаны қатаң түрде осы белгіленген конституциялық мерзімдерге сәйкес тағайындалуда және кезекті болып саналы», - деді Имашев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Осы орайда ол жоғары өкілді органдарға сайлау елдегі ең маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі екенін атап өтті.

«Дәл осы заң шығарушы орган мемлекет тетігінде басым орынға ие және тек Парламент қана заң арқылы халықтың еркін білдіру құқығына ие. Мәжілістің 98 депутатын сайлау партиялық тізімдер бойынша жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей тең әрі төте сайлау құқығы негізінде жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын халық бірлігін, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудың негізгі институты болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжілісті қалыптастырудың бірден бір принципі Ассамблеяның Парламент Мәжілісіндегі өкілдігі - ол біздің конституциялық ерекшелігіміз. Ассамблея депутаттары 100-ден астам этнос атынан баршаның мүддесін қорғайды. Олардың мүддесі партиялық көзқарастармен байланысты емес, сондықтан ол жоғары заң шығарушы органның кең ауқымды қызметі аясында барлық фракциялармен тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді», - деді ОСК төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялады.

«Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды. Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар