Бердібек Сапарбаев тараздықтарды ыстық сумен қамтамасыз етуді тезірек қалпына келтіруді тапсырды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша өткен жиында алдағы бірнеше күн ішінде жөндеу жұмыстары кезінде ыстық сумен қамтамасыз етуді қалпына келтірудің шешімін табуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бердібек Сапарбаев ыстық судың өшуіне байланысты әлеуметтік желілерде тұрғындардың наразылық білдіріп жатқанын атап өтті. Одан бөлек бұл жағдай бұқаралық ақпарат құралдарында да өзекті мәселеге айналып, қызу талқылануда.

– Ыстық су төңірегіндегі мұндай келеңсіздік жылда қайталанып келеді, бірақ соған қарамастан нақты шаралар қабылданбайды. Алайда, биылғы жағдай мәз емес. Қазір көптеген адамдар үйде карантинге қамалып отырған кезде біз олардың денсаулығына бей-жай қарай алмаймыз. Күн сайын маған Тараз тұрғындарынан ондаған өтініш келіп түседі. Бүгінгі таңда барлық күш-қуат адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталып жатқан кезде, ешқандай босаңсу мен кемшілік кешірілмейді, – деді облыс әкімі.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, ыстық су жоспарланған жөндеу жұмыстарына байланысты өшірілген.

Тараздағы 1312 тұрғын үйдің 1253-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оларға «Таразэнергоорталық» АҚ, «Жамбыл Жылу» ЖШС, «София» ЖШС, «Жамбыл ГРЭС» және «Таразтрансэнерго» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны қызмет көрсетеді.

Жалпы, ыстық су беру 1 шілдеден бастап жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтатылған. Жылу жүйесін қайта құру және жөндеу бойынша 17 жоба жүзеге асырылуда.

Келісімшарт бойынша мердігерлер нысандарды қазан айында тапсыруға міндетті. Алайда Бердібек Сапарбаевтың бұл мерзімді тым ұзақ деп отыр.

– Инфрақұрылым нысандарын жөндеу және қайта құру жұмыстары жұртшылықтың жүріп-тұруын, күнделікті тіршілігін қиындатпауы керек. Болмашы ғана аумақты алатын жөндеу жұмыстар неліктен бірнеше айға созылып кететіні түсініксіз. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Тараз қаласының әкімдігі мердігерлердің қызметін қатаң қадағалап, жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтауды талап етуі керек, – деп тапсырды аймақ басшысы.

Қала әкімдігіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына және «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамына жөндеуді қажет етпейтін қазандықтарды қосып, азаматтарды ішінара ыстық сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ жиында бұл мәселені шешудің басқа да жолдарын іздестіру қажеттілігі айтылып, нақты ұсыныстар бірнеше күн ішінде әзірленуі керектігі ескертілді.


Соңғы жаңалықтар