Бердібек Сапарбаев Тараздағы сапасыз жолдарды қайта жөндеуді тапсырды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының басшысы Бердібек Сапарбаев Тараздағы сапасыз жолдарды қайта жөндеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жуырда Тараз қаласында «Арай» тұрғын үй алқабының тұрғындары өткен жылы төселген асфальттың сапасына шағымданған болатын. Жексенбі күні өңір басшысы аталған аумақа арнайы барып, мердігердің сапасыз жұмыстарына көз жеткізді.

Былтыр аталған тұрғын үй алқабында бірнеше көшеге асфальт төселген болатын. Бірақ биыл жеті көшедегі жол жабыны желініп, жарыла бастаған. Облыс әкімімен кездескен аудан тұрғындары кейбір кәріз люктері асфальт астында қалғанына да наразылық танытты. Өңір басшысы шағымдарды мұқият тыңдап, кеткен кемшіліктердің жақын арада түзетілетініне сендірді.

«Қала тұрғындары жол жөндеу жұмыстарының барысын мұқият қадағалап отырады. Егер олқылықтарды байқаса, оларды шешуге тырысып, әлеуметтік желілерге жариялайды. Бұл – біздің қоғамдық бақылауымыз. Осылайша олар жұмыс сапасы мен мердігерлердің іс-әрекеттерін бақылауға көмектеседі. Сонымен бірге, техникалық қадағалау, ТКШ мамандары неғұрлым белсенді жұмыс істеп, жұмыс сапасын тиісті деңгейде қадағалауды қамтамасыз етуі керек. Мердігерлер, өз кезегінде, кез келген кемшіліктің өз есебінен түзетілетінін түсінулері тиіс», - деп ескертті Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы қаладағы Қойгелді, Абай, Ниетқалиев, Комратова, Сыпатай батыр және басқа да көшелерге ат басын бұрды. Мұнда алдыңғы жылдары жылу магистралін қайта жаңартуға байланысты жол төсемі бұзылған болатын. Алайда, жұмыстар аяқталғаннан кейін жол жабыны тиісті түрде қалпына келтірілмеген.

«Жолдарды қалпына келтіру сапасы нашар. Мердігерді және техникалық қадағалаушыларды шақырып, барлық олқылықты жою үшін қажетті шаралар қолдану керек. Мұндай деңгейдегі жұмыстарды қабылдау мүмкін емес», - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев «за линией» деп аталатын аймақтағы жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.

Жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында облыс орталығында жол құрылысы бойынша 100 жоба жүзеге асырылуда. Ол бойынша қаланың 130 көшесі қамтылады десек, 88 шақырым автожолдар мен тротуарлар салынып, жөнделеді. Бұл жұмыстарға барлығы 3,3 миллиард теңге бөлінген.


Соңғы жаңалықтар