Бердібек Сапарбаев Талас ауданының тұрғындарымен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Талас ауданындағы бірқатар әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын және өндіріс орындарын аралап, инфрақұрылым жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың айтқандарына құлақ түріп, толғандырған өзекті мәселелеріне көңіл бөлді

Өңір басшысы аудандағы жұмыс сапарын Қасқабұлақ ауылынан бастады. Аталған шағын ауылда 1937 жылдан бері күрді диаспорасы бар. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады.

Айта кету керек, бұл ауылда соңғы жылдары бірде-бір қылмыс болмаған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар тіркелмеуі, ауыл дүкендерінде ішімдік сатылмауы осы елді мекеннің ерекшелігі деуге болады. Қасқабұлақтықтар бастамашыл әрі еңбекке бейім. Ондағы әр отбасында шамамен 5-6 баладан бар десек, ауыл тұрғындарының дені жастар.

Бердібек Сапарбаев ауылдағы 2018 жылы пайдалануға берілген орта мектептің жұмысымен танысты. Онда 135 оқушы білім алады.

Әкім жергілікті клубта ауыл тұрғындарымен кездесті.

«Біз бәріміз – Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Талай сындарлы кезеңдерді бірге кешіп, соғыс жылдарындағы ауыр сәттерді бірге еңсердік. Бүгінде біздің басты байлығымыз – қоғамдағы бейбітшілік пен берік достығымыз екеніндігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Осы орайда өскелең ұрпақты ұлттық болмыс пен үлкендерді құрметтеу секілді асыл қасиеттер аясында тәрбиелеуге аса көңіл бөлу қажет», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ асқан аймақ басшысы ауылды екіге бөліп ағатын «Тамды» өзеніне көпір салуға көмектесуге уәде берді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қаратау қаласындағы «Игілік» коммуналдық қазыналық кәсіпорны, «Талас инвестмент компани» және «Қаратау ПРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысына да қанықты.

Айта кету керек, Талас ауданы орталығының басты мәселелерінің бірі – қаңырап бос тұрған нысандар. Қаратау қаласында өткен ғасырдың 90-шы жылдары тұрғындары тастап кеткен бос тұрғын үйлер пайда бола бастады десек, олардың саны 15-ке жеткен. Бүгінде оның 10-ы жеке меншікке өтіп кеткен. Қалған 5 үй коммуналдық меншікте десек, оларды қалпына келтіру шараларына көңіл бөлген аймақ басшысы жоба құнына алаңдаушылық танытты.

«40 жылдан асқан үйлерді сатып алу немесе жөндеу қаншалықты тиімді? Бұл арқылы бюджет қаражатың қаншалықты үнемдей аламыз? Егер бұл үйлерді жаңғырту құрылысының құны жаңа тұрғын үй салумен бірдей болса, онда не айырмашылық бар?» – деген аймақ басшысы бұл бағыттағы шараларды барынша зерделеу керектігін жеткізді.

Сонымен қатар бұрынғы аудан орталығы болған Ақкөл ауылына арнайы барған Б.Сапабаев бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында кұны 2,8 миллиард теңге болатын Ақкөл-Қойгелді жолының құрылысы туралы мәселе көтерілді. Б.Сапарбаев аталған жоба құнының аз еместігін алдыға тартып, бұл орайда мұқият зерделеу жұмыстарын жүргізіп, содан кейін ғана нақты шешім қабылданатынын атап өтті. Су қоймасын салу мәселесі де осы тақылеттес.

Бұдан соң облыс әкімі арнайы Талас ауданы активінің жиынына қатысты. Жиында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы қысқаша баяндады. Сондай-ақ, басқосуда тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіру, кәсіпкерлерге шағын несие беру мәселелері көтерілді.

Бердібек Сапарбаев ауданның өнеркәсіп саласындағы жетістіктерін оң бағалап, алайда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін барынша пайдалана білу керектігін атап өтті. Облыстық әкімдік тарапынан жерлерді тиімді пайдалану бойынша жүйелі тексеру жұмыстары ұйымдастырылып, егістіктерді суару жүйесін қалпына келтіру және суармалы алқаптарды ұлғайту шаралары қолға алынатынын баса айтты. Сонымен қатар, биыл облыс су қоймаларына жиналған ылғалдың көлемі өткен жылғы мөлшерден үш еседей аз екендігін ескерсек, ол тиісті кезеңде суармалы алқапты барынша сумен қамтуға өз кедергісін келтіруі мүмкін. Аталған жиында өңірді өз азық-түлігімен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды.

«Облыста бар-жоғы 32 гектар ғана жылыжай бар. Бұл – өте аз. Кәсіпкерлік негіздегі бастамаларды жетілдіріп, моноқалаларды дамыту бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет», - дей келе Б. Сапарбаев бала өлімі фактілерінің артуына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Өзінің қорытынды сөзінде облыс әкімі қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығын айрықша атап өтіп, тұрақтылық бар жерде ғана экономиканың өсуі мен өмір сүру сапасының артуына қол жеткізуге болатынын баса айтты.


Соңғы жаңалықтар