Бердібек Сапарбаев су тасқынының алдын алу жұмыстарын сынға алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша қандай шаралар жүргізілуде? Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктем сайын алдымыздан кесе көлденең кезігетін келеңсіздік – ол су тасқынына қарсы күрес. Осы ретте аймақ басшысы жыл сайын қайталанатын жағдайға қатысты белсенді шаралардың қолданылмай отырғанын сынға алды.

«Жыл сайын айтатынымыз бір әңгіме, баяғы жартас – сол жартас. Мен каналдар мен арықтарды, әсіресе Тараз қаласының аумағындағыларды үнемі тазалап отыру керектігін айта-айта шаршадым. Тасқын Талас, Байзақ және Жуалы аудандарында қайталанады. Әкімдер қайда қарап отыр? Егер бөгет қажет болса, оны салайық. Неліктен жаңбыр жауып, қардың ерігенін күтіп отыруымыз керек? Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысы сылбыр. Егер осылай жалғаса берсе, мен тиісті министрлікке облыстағы департаменттің басшылығын ауыстыру туралы мәселе қоямын.

Профилактикалық жұмыс өте әлсіз деңгейде жүргізіледі»,-деді облыс әкімі.

Содан кейін Бердібек Сапарбаев облыстың кейбір аудандарында болған су тасқынының себептерін анықтауға назар аударды. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев 164 шақырым арықтың 72 шақырымы жеке секторда орналасқанын атап өтті. Көптеген арық бітеліп қалған, үстіне үйлер салынып кеткен, дренажды құбырлар жоқ.

Бүгінде әрбір жеке жағдайда мәселені шешумен айналысатын, қала тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін жұмыс топтары құрылды. Қала әкімі Тараздың негізгі арналарын кір мен қоқыстардан тазарту үшін механикаландырылған жасақтарды қолдануды сұрады.

«Жауын бірнеше күн ғана жауып, көптеген қиындықтар туғызды. Ал күн жылып, тауда қар ери бастағанда не болады? Сонымен қатар, біз су жинауды үйренуіміз қажет. Қазір судың мөлшері мол болып тұр, алайда суғару кезеңінде тіршілік нәрін таппай қаламыз. Бізге тоғандар салу, арықтарды тазарту керек», – деді аймақ басшысы.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады. Өңiр басшысының егiстiк алқаптарындағы жұмыстардың қарқын ала алмай жатқанына көңілі толмады.

«Жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілетін жерді кем дегенде 40 мың гектарға кеңейту қажет. Көкөніс, қызылша, бақша дақылдарын көбейтуіміз керек. Салынып жатқан ірі қант зауытына шикізат қажет. Іргедегі Алматы облысы 20 мың гектардан астам алқапта қызылшаны жайқалтып отырғанда, біздігі бес мың гектар неге жетеді? Кең жарнамаланған құлпынай мен таңқурай өсіру бойынша түрік инвесторларымен бірлескен жобаның нәтижелері қайда?» – деп сұрады облыс әкімі.

Аймақ басшысы қызылша ылғалды сүйетін дақыл болғандықтан, оны көптеп өсіруге су жеткіліксіз болуы мүмкін деген сылтаумен келіспеді.

«Бүгінде қолданыстағы су қоймалары толтырылуда, жаңалары салынуда, суды үнемдейтін технологиялар белсенді енгізілуде. Сондықтан сумен ешқандай проблемалар болмауы тиіс, қант қызылшасының дақылдарын көбейту керек», – деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар