Бердібек Сапарбаев Шу ауданының ауылдарын аралады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Шу ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Ақсу ауылдық округіне ат басын бұрып, «Өтеуіл» шаруа қожалығының жұмысын барлады. Шаруа қожалығының басшысы Шамиль Сәрсенбаевтың айтуынша, биылғы егістік нәтижесінде олар 450 гектар жерге арпа және дәл осындай аумаққа күздік бидай сепкен. Бүгінде қожалық дәнді дақылдарға орақ түсіре бастаған десек, бидайдың орташа шығымы гектарына 23-25 центнерден, жаздық арпа 18-20 центнерден айналуда.

Шаруашылықта өз қаражатына сатып алынған алты трактор, екі комбайн және басқа да қажетті техникалар бар. Он адам тұрақты негізде жұмыспен қамтылған, қосымша тағы 15 адам далалық жұмыстарға тартылуда.

Қожалық мал шаруашылығымен де айналысады. Атап айтқанда, онда жылқы, ірі қара малы, сонымен қатар қой өсірілуде. Шаруашылықтың бордақылау алаңында жыл сайын 30 шақты ірі қара малы байланып, өнімдер Меркі ауданына өткеріледі. Сүт өнімдері мен қымыз да жеткілікті деңгейде.

Аудан әкімі Нұржан Календеров атап өткендей, әр ауылда күніне екі тоннаға дейін сүт қабылданады. Өкінішке қарай, аймақтағы жалғыз сүт өңдеу кәсіпорны «Айшот» ЖШС де өз жұмысын тоқтатқан. Бердібек Сапарбаев Н.Календеровке аталған мәселені уақыт созбай шешуді тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі мия тамырын өңдеумен айналысатын «KazMia» ЖШС-де болды. Бұл өнімге сұраныс та жеткілікті, өткізу нарығы да қамтылған. Алайда, бүгінгі таңда кәсіпорын шикізаттың төмен сапасына байланысты қиындықтарды бастан кешуде. Биыл мия тамыры 250 гектар жерге отырғызылды десек, енді олар өнімнің негізгі импорттаушысы болып табылатын Жапониядан шикізат сапасын бақылау нәтижелерін күтуде. Егер сапа ойдағыдай болса, компания мия тамырын өсіру аумағын кеңейтуге ниетті.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Ақсу ауылдық округіне қарасты Оразалы батыр ауылына барып, жергілікті фельдшерлік-акушерлік станцияның жай-күйімен, Ескішу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылында аймақ басшысы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Аймақ басшысы Шу қаласы Сәтпаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру және орташа жөндеу жұмыстарының барысын да барлады.

Бердібек Сапарбаев Шу қалалық емханасында болып, жергілікті тұрғындармен әңгімеге тартты. Олар өз кезегінде медицианылық мекеменің жұмыс істемейтін флюорография және рентген кабинеттеріне қатысты шағымдарын жеткізді.


Сол себепті, шулықтар аудан орталығына барып, ақылы тексерілуге мәжбүр. Емхана басшылығы жабдықтардың кідірісін электр желісінің төмен кернеуінен орын алып отырғандығын түсіндірді.

Облыс әкімі аудан мен емхана басшылығына бұл мәселені бақылауға алып, алдағы уақытта қалай да шешуді тапсырды.



Соңғы жаңалықтар