Бердібек Сапарбаев Моңғолия ғалымдарын тарихи зерттеулерге қатысуға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Моңғолия ғалымдарды бірлесіп тарихи зерттеулерге қатысуы керек. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясында Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бұл шараға Монғолия Премьер-министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Моңғолияның Қазақстандағы елшілігі өкілдері, бірқатар ғылыми мекемелердің басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Тарихты жақсы жақсы білесіздер, біздің бабаларымыз осы Ұлы далада туын тігіп, ордалардың алтын қазығын қаққан. Биылғы және алдағы жыл біздің қазақ елі үшін үлкен тарихы маңызды кезең болмақшы. Мемлекет басшысы тисті шешім қабылдап, Үкіметке тапсырмалар жүктеді. Осы орайда Алтын Орданың 750 жылдығына ерекше екпін қойылған. Атап айтқанда, бұл бағытта бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ондағы мақсатымыз – өзіміздің ғалымдарды, мамандарды, сондай-ақ көршілес елдердің ғалымдарын біраз ауқымды зерттеулерге тарту, қазба жұмыстарын жүргізу, өзге мемлекеттерде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу. Бұл тұрғыда Алтын Орда мемлекетінің тарихын барша дүниежүзіне кеңінен таныту міндеті қойылып отыр», - деді Сапарбаев.

Үкімет басшысының орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарда Халықаралық Түркі академиясының рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Бұл академияның құрылтайшылары ретінде біздің мемлекеттен басқа өзге де елдер еніп отыр. Сонымен қатар, бақылаушы мемлекет те бар. Біздің тарихымыз ежелден өзара байланыста жатыр, Моңғолиямен алыс емеспіз. Сондықтан Энхтүвшин мырза, сіздерді осы академияға бақылаушы болуға шақарамын», - деді Б. Сапарбаев Моңғолия вице-премьеріне қарата айтқан сөзінде.

Бұл тұрғыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтын Орданың 750 жылдығы аясында туризмді дамытуға айрықша мән беріліп отырғандығын атап өтті. Осы шаралар аясында қажетті жұмыстар басталып кетті.

«Атқарылатын жұмыстарға Моңғолия тарапының да қатысуын ұсынамыз. Өйткені тарихи құндылықтар, ескерткіштер сіздердің елдеріңіздің аумағында көптеп кездеседі. Біздің ғалымдар Моңғолияның мамандарымен бірге жұмыс істейтін болса, өзіміздің тарихымызды әлемге кеңінен көрсете аламыз», - деді Б. Сапарбаев.

Бүгінгі шара барысында Алтын Орда тарихына қатысты бірнеше кітаптың таныстырылымы өтті. Зиялы қауым өкілдері Моңғолиядан арнайы келген Өлзийсайханы Энхтүвшин мырзаға шапан жауып, қамшы сыйлады.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 24 тамызында өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар жұмыс жасалу керектігін атап өткен еді.

Президент Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуды ұсынды. Оның айтуынша, Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.

Соңғы жаңалықтар