Бердібек Сапарбаев: Мемлекет мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қостанайдың жастар активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бердібек Сапарбаев Қостанайдағы «Жастар сарайында» белсенді жастармен кездесті. Қостанайлықтар вице-премьерге өздерінің алғашқы табыстары және өңірдегі жастар бастамалары туралы айтып берді. Облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айгүл Абдуллинаның сөзінше, жастарға қызмет ету орталығы бірнеше бағытта жұмыс істейді.

«Облыстық жастар ресурстық орталығынан басқа 19 аумақтық жастар мекемесі өз қызметін жүзеге асырады. Оның ішінде 3 қалалық және 16 аудандық орталық бар. Жастардың бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу және қолдау – біздің басты міндетіміз. Жастар ортасындағы жағдайға мониторинг жүргізу және талдау жасау да біздің жұмысымыз. Осы негізде жыл бойы практикалық және әдістемелік көмек көрсету бойынша көшпелі семинарлар ұйымдастырылады», - деп мәлімет берді орталық жетекшісі.

А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ Экономика және құқық институты директорының орынбасары Абылай-Хан Кәкенов Б. Сапарбаевқа Қостанай жастарының ресейлік әріптестерімен ынтымақтастығы туралы баяндады. Жақында ғана қостанайлық студенттер Омбыда болып, XVI аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Кәкеновтің сөзінше, ресейліктермен туризм, волонтерлік және басқа да бағыттар бойынша бірлескен жобалар талқыланған. Мысалы, Жеңістің 75 жылдығына орай іздестіру жасақтарын ұйымдастыру жоспарланды.

Назарбек Өмірзақ есімді жас кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып шаруасын дөңгелетіп отыр.

«Жақында әскерден келіп, жеке кәсіп ашуға бел будым. Негізі, Нұр-Сұлтан қаласындағы колледжді тәмамдадым. «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, 5 млн теңге несие алдым. Таңдауым эвакуатор қызметіне түсті. Табысым да жаман емес – айына 300 мың теңге пайда түсіремін», - дейді жас кәсіпкер.

Бердібек Сапарбаев жастардың идеяларын барынша қолдау керектігін атап өтті.

«Назарбек сияқты жастардың көбеюі үшін креативті бастамалар көбірек қажет. Сендердің бастамаларыңа мемлекет барынша қолдау көрсетеді.

Жастар жылы, алдағы еріктілер жылы және Президенттік кадрлық резервке қабылдау – бұлар елімізде жастар өздерінің мақсаттарын жүзеге асыра алатынын көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үлкен назар аударады. Біз ерекше жобаларды мемлекет басшысына айтып отырамыз. Сол себепті, нақты жоспар жасап, іске кірісуден қорықпаңыздар. Мынадай «Жастар сарайының» елімізде баламасы жоқ. Облыстың әкімі мүмкіндік жасап отыр. Осыны тиімді пайдалануды ойланыңыздар», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Еске салсақ, бүгін Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік делегациясы Қостанай облысына келді. Алдымен, Қостанайдағы жас футболшылармен кездесті.

Соңғы жаңалықтар