Бердібек Сапарбаев дала өртінің алдын алуды күшейтуді тапсырды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен орман және дала өрттерінің алдын алу, оларды жою мәселелері бойынша аппараттық кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуырда Мойынқұм ауданында болған табиғи өрттің бірнеше тәулік бойы сөндірілмеуіне өзара әрекеттесетін құрылымдардың жұмысының әлсіз болуынан жол берілген. Бұл туралы аймақ басшысы аталған жиында баса айтты.

«Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ аумағындағы құмды жердегі қураған шөп пен сексеуіл өртін сөндіру төрт күн бойы жалғасқан. Өрт Ақкөл, Жамбыл, Меркі, Ұланбел және Қосқұдық орман шаруашылықтарының аумағына дейін таралды. Елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Өртті сөндіруге 291 адам, 61 техника және 1 тікұшақ жұмылдырылды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, шөлді жердегі өртті сөндіру өте қиынға соққан, оған қоса қатты жел кері кедергі келтірген. Дегенмен ол тиісті қызметтердің өзара әрекетінің әлсіздігін мойындады. Бұл орайдағы мәселелерді шешу үшін баяндамашы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жедел топтарды рациямен қамтамасыз етуді ұсынды. Орман қорының жай-күйі туралы барлық жедел ақпарат көрсетілетін мобильді қосымша әзірлеп, арнайы киім сатып алу қажеттігі де айтылды.

Басқосуға селекторлық режимде қатысқан аудан әкімдеріне А.Оразбеков ерікті өрт сөндіру бригадаларымен тығыз ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

«Осындай өзекті мәселелердің бәрі ертерек көтерілуі керек еді. Жауапты адамдардың жұмысына немқұрайлы қарауы адам шығынына әкелуі мүмкін. Бақытымызға орай, бұл жолы өрт мыңдаған гектар аумақты шарпығанмен, ешкім зардап шекпеді. Бұл барлығына сабақ болуы тиіс. Мұндай жағдайларда өзара үйлескен әрекеттер мен бірлесіп күресудің маңыздылығы зор», - деді Бердібек Сапарбаев.

ТЖД басшысының міндетін атқарушы Мақсат Қосыбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 241,5 га аумақта 31 өрт, 44 632 га алқапта 14 орман өрті, сондай-ақ, 14 га алқапта үш дала өрті тіркелген.

«Орман өрттері экологиямызға үлкен зиян келтіреді. Мұндай жағдайлар дер кезінде анықталса олармен күресу оңайырақ болады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұл үшін табиғат қорғау ведомствосында барлық мүмкіндік жеткілікті. Орман қорының жерлерінде 30-дан астам өртке қарсы мұнара мен 61 бекет орнатылған. Басқарманың арсеналында 20 шақты автокөлік, 66 соқалы трактор, 10-нан астам үш тонналық әмбебап цистерна бар. Ғарыш мониторингі өрттің пайда болу ошағын есептеуге мүмкіндік береді. Өрт сөндіру жасақтарында 557 адам жұмыс істейді.

Жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев Төтенше жағдайлар департаментіне Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына мен орман шаруашылығы кәсіпорындарына әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеуді, орманды дала аймағында өрттің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Аудан әкімдеріне өртті сөндіруге көмектесетін еріктілерді қолдауды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар