Бердібек Сапарбаев: Басты міндет – жаңа жұмыс орындарын ашып, жалақыны көбейту

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров хабарлағандай, қаңтар-ақпан айларындағы өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі өткен жылдың көрсеткішінен 84 пайызға жоғары деңгейде қалыптасады деп болжануда. Дегенмен, химия өнеркәсібіндегі көрсеткіш көңіл көншітпейді. Оған «Қазфосфат» ЖШС бір пешінің істен шығуы және «Talas Investment Company» ЖШС зауытындағы бірқатар жөндеу жұмыстары себеп болып отыр. Ал, азық-түлік саласындағы көрсеткіштің төмендеуі ресейлік арзан қанттың құйылуына байланысты Тараз және Меркі қант зауыттарының жұмысының тұралауымен түсіндірілді. Бұл орайда мәселені шешу үшін заңнамалық деңгейде тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, бүгінде «Амангелді ГӨЗ» ЖШС өзінің жалпы қуатының бар-жоғы 20 пайызында жұмыс істеп отыр. Осы тұрғыда кездесіп отырған кедергіні энергетика министрлігімен бірлесіп шешу, қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Ал «Жамбылгипс» ЖШС қоймасына жиналған екі мың тонна дайын өнімді сатуда қиындық туып отыр. 2018 жылдың маусым айында жұмысын тоқтатқан «Хантау» цемент зауыты Қазақстанның инвестициялық қорына өткен. Бүгінде жаңа инвесторлар іздестірілуде.

Сонымен қатар, жиында тиісті ереженің өзгеруінен қорғаныс министрлігі үшін дайындалатын 80 мың жұп аяқ киім дайындау туралы индустрия және инфрақұрылым министрлігі мен «ТаразКожОбувь» ЖШС арасындағы келісімшарт өз күшін жойғаны айтылды.

Биыл жалпы құны 88 млрд теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген десек, оның 11-і индустриалдық картаға енгізілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Қазфосфат», «Talas Investment Company», «Супер фарм», «Мерке ірімшік зауыты», «Агроспецстрой» және «Mark of Perfection»ЖШС кәсіпорындарында өндірісті кеңейту жоспарланған.

- Өнеркәсіп экономиканы дамыту жолында негізгі күшке ие. Әрбір басшы кабинетте отырмай, кәсіпорындармен тығыз жұмыс жасап, олардың мәселелерін зерделей отырып, шешуге көмек көрсету қажет. Қант зауыттарының жұмысын жандандыру бойынша ұсыныстарды әзірлеңіздер олардың шаруалар алдындағы борыштарын өтеу жоспар-кестесінің орындалуын бақылауды күшейту қажет. Министрліктермен тығыз байланыста жұмыс істеп, аяқкиім тігуші кәсәпорынмен келісімшарт орнату керек. Басты міндет – адамдардың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жалақыны арттыру, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласында өңірде белсенді 70,1 мың субъект тіркелген десек, онда 125 мың адам жұмыс істеуде. Олармен 2019 жылы шығарылған өнімнің болжамдық көрсеткіші 500 млрд.теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылы белсенді субъектілер санын 76 мыңға дейін жеткізу көзделуде десек, ал олардың өңірлік жалпы өндірістегі үлесін қазіргі 20,5-тен 23 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға «Бизнестің жол картасы-2020» және «Еңбек» бағдарламалары аясында өткен жылы берілген гранттардың тиімді игеруіне талдау жасауды тапсырды. Ағымдағы жылы осы орайда бөлінген қаражат көлемін арттыру жайын қайта қарау қажет.

Сондай-ақ өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған 11 жобаны инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де маңызды.

Басқосу барысында Б.Сапарбаев субсидия алған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 20 пайызын жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарына немесе 10 пайыздан аспайтын үстеме бағамен тікелей нарыққа жіберуі туралы ұсынысты қолдады. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын олардың негізсіз өсуіне жол бермей реттеуге мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Doing Business бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингтегі облыстың көрсеткіштерін жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.



Соңғы жаңалықтар