Белгілі коуч-мотиватор елімізде Аналар мектебін қалыптастыруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында белгілі коуч-мотиватор, KANIKAR club әйелдер клубының жетекшісі Алтын Каникар елімізде Аналар мектебін қалыптастыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көпбалалы аналар ешкімге масыл болғысы келмейді. Өз кәсібін ашып, өрбітіп, егемен елдің азаматтарын тәрбиелеуді қалайды.

Мемлекет тарапынан аналар үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. «Бақытты отбасы», «Жанұя», «Аналар үйі» сияқты бағдарламалар облыстар мен қалаларда іске асырылуда.

Дегенмен, қоғамда аналарға ұлттық рухани тәрбие беру қажеттілігі бар. Себебі, Ана - ұлттың ұяты. Бізге Аналар мектебін қалыптастыру қажет.

Тараз қаласында жақында ашылған «Анаға тағзым» рухани тәрбие орталығы осы мақсатты толығымен қамтып отыр», - деді ол.

Оның мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 33 өңірлік отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.

«Біз осы орталықтардың базасында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асыруды ұсынамыз.

Жоба аясында аналар кеңестері аналарға ана тілін үйретуді, елге танымал аналарымызды қазақтың «төркіндеу» рәсімі арқылы жастарға насихаттауды, отбасы шаңырақтарын шайқалтпау үшін келін болуды, ене болуды, баланы рухани тәрбиелеуге кеңес беруді қолға алады.

Осы орайда барлық өңірлерге Тараздың тәжірибесін таратуды және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асыруға әкімдіктер тарапынан қолдау көрсетуіңізді сұраймын», - деді Алтын Каникар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы бастаманы қолдайтынын айтты.

«Шын мәнінде, көпбалалы ана болу – бақыт. Мемлекет және бүкіл қоғам көп балалы аналарға жәрдем беру керек. Бұл жұмыс үйлесімді болуы қажет. Мемлекет және аналар арасында өзара сенім, өзара жауапкершілік болуы керек. Жұмысыңызды мен қолдаймын. Бұл жұмыс қоғамымызға өте қажет. Жалпы облыстарда осындай орталықтар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы болады. Сондықтан сізге сәттілік тілеймін», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар