Бельгияда вакцинация қарқын алды: Билік карантин талаптарын жұмсартты

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бельгияда сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін белгіленген федералды коменданттық сағат тоқтатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Бельгия тұрғындарының жүріп-тұруын шектеу шаралары 2020 жылғы қазан айында коронавирус пандемиясының «екінші толқыны» кезеңінде енгізілген болатын.

Бельгияда вакцинация қарқыны артуына байланысты ел билігі карантин шараларын біртіндеп жұмсартады.

Фландрия мен Валлонияда азаматтардың жүріп-тұруына қойылған шектеу шарасы 7 мамырда түн ортасында, яғни бір тәулікке ерте аяқталды. Ел астанасы Брюссель аймағындағы коменданттық сағат 8 мамырда бітеді.

Сондай-ақ, Бельгия астанасында кешкі сағат 22:00-ден таңғы сағат 05:00-ге дейін ішімдік ішуге тыйым салынады. Алайда 8 мамырдан бастап жергілікті кафелер мен мейрамханалардағы «жазғы террасалардың» жұмысына рұқсат етілді. Олар келушілерді тек ашық ауада қабылдай алады.

Автор: Арнұр Рахымбеков


Соңғы жаңалықтар