«Бек Эйр» компаниясына екінші сот ісі қозғалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Бек Эйр» АҚ-қа екінші сот ісін қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін, 2020 жылғы 3 шілдеде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті (ТҚҚК) «Бек Эйр» АҚ-на қатысты Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотына екінші сот ісін бастауға жіберді. ТҚҚК жалпы құны 5 902 916 теңгеге 177 билет сатып алған 81 адамның мүддесіне өкілдік етеді. ТҚҚК талабы – бұдан бұрын әуе рейстерге сатып алынған билеттердің толық құнын қайтаруға «Бек Эйр» АҚ қызметіне тұтынушылардың құқығын мойындату және тұтынушының пайдасына әуе билет үшін төленген соманы қайтару», - делінген аталған министрлік таратқан ақпаратта.

Барлық келіп түскен өтініштер сот ісіне қосымша енгізіледі. Ол үшін тұтынушылар ТҚҚК-не белгіленген формадағы өтінішті жіберу керек. Оны мына сілтемеден жүктеп алуға болады.

Өтініштер электрондық үкіметтің порталы және телеграмм бот арқылы
қабылданады.

Өтінішпен қатар мыналарды қоса тіркеу керек: жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері (жеке куәлік, төлқұжат, туу туралы куәлік); төлемді растайтын құжаттардың көшірмелері (фискалды түбіртегі және т.б.); билеттің көшірмесі; өтініш берушінің банктік деректемелері туралы мәліметтер (банктен анықтама); тұтынушы осы мәселе бойынша Бек Эйр компаниясымен бұрын байланысқандығын растайтын құжаттар (көшірмелер, скриншоттар және т.б.).


Соңғы жаңалықтар