Bek Air ұшағы апатынан кейін емделген соңғы жолаушы ауруханадан шығарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы маңында Bek Air ұшағының апаты кезінде зардап шеккен жолаушы ауруханадан шықты. Ол апаттан кейін ем-дом қабылдап жатқан соңғы жолаушы болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 наурызда ол №4 қалалық клиникалық ауруханадан шығарылды.

Дәулет клиникаға жедел жәрдем бригадасымен 2019 жылғы 27 желтоқсанда жеткізіліп, стационарда тура 70 тәулік болды. Оған 8 хирургиялық ем-дом шаралары жасалды.

«Алған жараларынан сауыққаннан кейін, ол амбулаторлық емделуге ауыстырылды. Ол тұрақты бақылауда болады», - деді №4 Қалалық клиникалық ауруханасы асқынған жарақат және іріңді хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рафаэль Гайсин.

Дәулет күрделі емдеу шараларымен қамтылды. Дәрігерлер оның аяғын сақтап қалу үшін барлық қажетті әрекеттерді жасады. Көптеген күрделі операциялар жүргізіліп, Дәулет екі айдан астам уақыт ауруханада болды.

«Дәрігерлерге үлкен алғысымды жеткізгім келеді, олар менің жақын бауырларымдай болып кетті. Бұл адамдар мені аяққа тұрғызуға бар-күш жігерін салды. Бізде осындай білікті хирургтер бар екеніне қуаныштымын», - деді Дәулет.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған болатын.

Әуе кемесінің командирі 57 жастағы Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза тапты.



Соңғы жаңалықтар