«Bеk Air» компаниясына қатысты сот отырысы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «Bеk Air» АҚ әуекомпаниясына екінші арызы бойынша бірінші сот отырысы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Комитеттің арызындағы талаптары «Bеk Air» АҚ-на қатысты жүзеге асырылған рейстерге билет сатып алған жолаушыларға ақшалай қаражатты өтеу туралы болып отыр. Үшінші тұлға ретінде осы процеске билет сатқан «Авиата» агенттігінің өкілі де қатысты. Бұдан басқа, Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің өтініші бойынша сот отырыстарына прокурор мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ өкілі қатысады.

Жалпы тұтынушылар комитеті 301 билет сатып алған 151 азаматтың мүддесіне қызмет етеді. Бұл жерде талап-арыз сомасы 10,5 млн теңгені құрап отыр. Комитетке өтініштер әлі де түсуіне байланысты бұл сома ұлғаюы да мүмкін.

Айта кетейік, «Bеk Air» АҚ Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының шешіміне апелляциялық шағым берген болатын. Онда сот азаматтарға қаражатты өтеу туралы Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің арызын қанағаттандырған болатын.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақ апатқа ұшырады. Бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болды. Әуе кемесінің командирі 57 жастағы Марат Мұратбаев оқиға орнында ажал құшты.

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын орналасқан екі қабатты үйге соғылды. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.

Арада бір ай өткеннен кейін апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші ұшқышы қаза болды.

Кейін ұшақ апатының соңғы сәттерінің хронологиясы жарияланды.


Соңғы жаңалықтар