Байзақтағы жарылыстан қираған мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді – Жамбыл облысы

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде зардап шеккен ауылда жаңа мектеп пайдалануға берілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдың тамыз айының соңында Байзақ ауданында болған жарылыс салдарынан №5 ескі мектептің ғимараты мүлде жарамсыз күйге түскен болатын. Оның орнына 150 орындық жаңа мектеп небәрі 4 айда пайдалануға берілді.

«Барынша қысқа мерзімде осындай жайлы, сапалы ғимарат салып берген құрылысшыларға рахметімізді айтамыз. Мұның бәрі оқушылардың игілігіне арналады. Балалар – біздің болашағымыз десек, олардың тәрбиелі, білімді, озық ойлы болып өсуі маңызды. Енді мұндағы ауыл балалары мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, биіктен көрінуге күш салуы керек»,-деді облыс әкімі.

Ауыл тұрғыны, қария Бейсен Жүргенбаев 4-ақ айдың ішінде жаңа мектеп салып берген мемлекет, облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.

«Мен бұған дейін осындай қысқа мерзімде жаңа мектептің салынғанын көрмеппін. Жамбыл облысының тарихында 4 айда бұрын соңды мектеп салынбаған. Жаңа жылда балаларымыз жаңа мектепке барады дегенге алғашында ешкім сенбеген едім. Бірақ ол уәде орындалды. Аудандағы алдыңғы қатарлы мектеп біздің ауылымыздан бой көтерді. Бұл жіті бақылаудың, жүйелі жұмыстың нәтижесі деп білемін»,- деді ол.

Бұл күн Шахан ауылының тұрғындары үшін де қуанышқа толы болды. Ауыл тұрғындарының өтініші орындалып, бар-жоғы жеті айдың ішінде 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр. Бұған дейін ескі мектепте оқыған оқушылар енді жаңа, жайлы, заманауи әрі сапалы салынған нысанда білім алмақ.

Сондай-ақ, Көкөзек ауылындағы Т. Ақбозов атындағы орта мектеп ғимаратына, Сарыкемер ауылындағы Байзақ колледжіне жанама салынған құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде оқу орындары кеңейтіліп, онда кең әрі жайлы спорт зал және асхана пайда болды.

Облыс әкімі жаңадан ашылған нысандардың мәжіліс залдарында жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін, ой-пікірлерін тыңдады.


Соңғы жаңалықтар