Бәйтерек холдингі штат санын қысқартады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі құрылымды оңтайландыру бойынша Президент сынына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының сыны орынды. Оңтайландыру мәселесін холдингтің тұрғын үй блогынан бастадық - енді бес оператордың екеуі ғана қалады. Бұл жалпы және әкімшілік шығындарды оңтайландыруға, үш компанияның штат санын қысқартуға мүмкіндік береді. Бэк-кеңсеге жауапты департаменттер - есепшілер, заңгерлер қысқартылып, үшеуіне ортақ бір-бір департаменттен қалады», - деді «Бәйтерек» ҰБХ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, биыл «Бәйтерек» жалпы және әкімшілік шығындарды 5,9 млрд теңгеге, штат санын 170 адамға дейін қысқартады. 2023 жылға дейін шығын көлемін 25% дейін қысқарту жоспарланған.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық компаниялар мен холдингтердің жұмысына тоқталған болатын.

«2007 жылдан 2018 жылға дейін мемлекеттік холдингтерге жалпы 7 трлн астам теңге бөлінген. Сондықтан, халық нақты нәтижелерді көруі тиіс. Есеп комитеті қызметтердің қайталанғанын, құрылым мен штаттың артқанын анықтады. Мәселен, «Бәйтерек» холдингінде 63 ұйым бар. 11 еншілес ұйымында 2,8 мың қызметкері бар. «ҚазАгрода» 2 мың қызметкері бар үш еншілес компания бар», - деді Президент.

Бұған дейін Ә. Омарқожаев «Бәйтерек» холдингінде тұрғын үй құрылысы бойынша бірыңғай оператор құрылатынын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар