Байқоңырда карантин шаралары 15 наурызға дейін ұзартылды

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Байқоңыр қаласында коронавирус инфекциясының таралуын шектеу шаралары 2021 жылдың 15 наурызы сағат 00:00-ге дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантин «Байқоңыр» кешенінің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің және Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының шешімімен тағы екі аптаға ұзартылды. Яғни қолданыстағы шектеу шаралары күшінде қалады», - деп хабарлайды әкімшіліктің баспасөз қызметі.

2021 жылдың 26 ақпанына дейін Байқоңыр қаласында тіркелген науқастардың жалпы саны 1254 адамды құрайды. Екі апта бұрын бұл көрсеткіш 1223 адамды көрсетіп тұрған. Яғни осы кезеңдегі өсім 31 жаңа жағдайды құрады. Қазіргі уақытта 8 науқас жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде. Адам өлімі туралы хабарланған жоқ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Байқоңырда коронавирусқа қарсы вакциналау іс-шарасы жүріп жатыр. Қаланың жедел штабы тұрғындарға коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егуді қатаң түрде ұсынады.

«Коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың 100%-дық кепілі, яғни жалғыз жолы - вакциналау. Байқоңыр тұрғындарын жаппай вакциналау қалалықтарға ұжымдық иммунитетті алуға және қалған шектеулерді жоюға мүмкіндік береді», - делінген Байқоңыр қаласының жедел штабының үндеуінде.

Соңғы жаңалықтар