Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ.Көшербаев облыстың 2022 жылға дейінгі Кешенді даму жоспарын таныстыра отырып, оның аясында «Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құрылатынын, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймаққұру Байқоңыр қаласының сондай-ақ жалпы өңірдің экономикасын өсірудің локомотиві болмақ, онда көпсалалы өнеркәсіп және ғарыштық туризм салаларын дамытудың арқасында инвестициялар ағыны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары құрылады», - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, «Байқоңыр» АЭА құру жол-көлік инфрақұрылымын, ғарыш өнеркәсібі мен туризмін дамытуды қамтиды.

Сонымен қатар, облыстың кешенді даму жоспарында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар қарастырылған. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қолдау бойынша 6 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Нәтижесінде, келесі 2 жылда жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 20% құрайды деп күтілуде. 2018 жылы бұл көрсеткіш 14,4% құрады.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында ҚР Үкіметі мен аймақ басшылығына Байқоңырды дамытудың тиімді тетіктерін айқындап, қысқа уақыттың ішінде арнайы экономикалық аймақ құруды тапсырған болатын.

«Үкімет пен әкімдік Байқоңырды дамытудың тиімді тетіктерін айқындап, қысқа уақыттың ішінде арнайы экономикалық аймақ құруы қажет. Ғарыш айлағының ауқымы мен бірегейлігі бізге алдыңғы қатарлы компаниялармен және перспективалы технологиялық стартаптармен жұмыс істеу үшін тамаша мүмкіндік береді», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар