«Байқоңыр» ғарыш кешенін дамытуға қатысты талдау жасалып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамытудың жол картасы әзірленеді. Ол үшін бүгінде ғарыш айлағының болашақ дамуына қатысты талдау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқоңыр» ғарыш айлағының бүгіні туралы айтатын болсақ, кешеннен ұшатын зымырандардың саны мен жүктемесі азайды. Қазіргі таңда Протон –М және Союз-2 зымыраны ғана ұшырылады. Біздің алдағы мақсат – кешен жұмысын жетілдіру және инвестиция тарту. Осы орайда Байқоңыр кешенінің болашақтағы дамуына қатысты талдау қолға алынды. Аталған зерттеу жұмысына ғарыш саласы бойынша шетелдік білікті компаниялар тартылды. Талдау жұмысы мен сала мамандарының ұсынымдары негізінде Байқоңыр ғарыш айлағын дамытудың жол картасы әзірленеді», - деді Баубек Оралмағамбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысының айтуынша, аталған ғарыш кешенінің болашағына қатысты талдау жұмысы екі бағытта жүріп жатыр.

«Біріншісі, ғарыш кешенінен ұшыралатын зымырандардың қызметіне қатысты. Екіншіден, ғарыш айлағын туристік нысан ретінде дамыту. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткен талдау жұмысы арқылы «Байқоңыр» ғарыш кешенінің 10 жылдық дамуына болжам жасалады. Ғарыш саласы үшін 10 жыл аздық етеді деп жатқандар бар. Оның өзіндік себебі де бар, қазір заман мен талап күн санап өзгеріп жатыр. Жаһан жылдам дамып жатыр, осы орайда алдағы 20-30 жылға жасалатын болжам уақыт өте келе мәнін жоғалтуы мүмкін», - дейді ол.

Бұған дейін Баубек Оралмағамбетов келер жылдан бастап елімізде жаңа спутниктік интернет қызметі сынақтан өтетіні туралы мәлім еткен еді.

Соңғы жаңалықтар