Байқоңыр әкімшілігінің басшысы тұрғындарға үндеу жолдады

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Қалалық жедел штабтың төрағасы, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа коронавирус инфекциясына қарсы күрес бойынша қаладағы жағдай тұрақты, біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Бүгінгі таңда медицина аурумен күресуде, бірақ егер шектеулерді алып тастаса, ауруға шалдыққандар саны көбейіп, медицина дер кезінде көмек көрсете алмай қалады», - делінген әкімшілік басшысының хабарламасында.

Бас санитарлық дәрігер мен жедел штабтың шешіміне сәйкес, Байқоңыр қаласында карантин 2020 жылдың 2 тамызына дейін созылды. Ресей Федералды медициналық-биологиялық агенттігінің «Байқоңыр» кешені өңірлік басқармасының ресми мәліметі бойынша, Байқоңыр қаласында коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 2020 жылдың 21 шілдесінде 712 адамды құрап отыр. Инфекциялық стационарда ем қабылдап жатқан азаматтар саны - 136 адам. 2020 жылдың 1-21 маусымы аралығында 258 адам емделіп шықты. COVID-19-дан қайтыс болғандар саны – 43 адам.

«Осы жағдайға кім кінәлі: Қазақстан ба, әлде Ресей ме деген секілді пікірлерді оқып, таңғаласың. Адамдар COVID-19-дан айналып өтуге болады деп ойлай ма? Мен шектеу шараларынан шаршағандарын түсінемін. Бірақ, тек осындай қатаң шаралар ғана эпидемияның өршімеуіне мүмкіндік беріп отыр», - деп атап өтті қала басшысы үндеуінде.

Жедел штаб төрағасы егде жастағы адамдарға, ардагерлер мен мүгедектерге азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу бойынша көмек көрсетіп жүрген еріктілердің жұмысын атап өтті. Медицина қызметкерлері мен инфекциялық бөлімде жатқан науқастарға аса қажетті заттарды, су жеткізуді ұйымдастырған қала кәсіпкерлеріне, қоғам ұйымдарына алғыс айтты.

Белгілі болғандай, таяуда Байқоңырға Роскосмос басшылығы Ресей Федералды медициналық-биологиялық агенттігімен бірлесіп көмекке жіберген медицина мамандарының үшінші бригадасы келіп жетті.

«Қазақстандық мамандар Байқоңыр қаласында шұғыл түрде 100 орындық провизорлық госпиталь ашты. Қаладағы дәріханаларда маска, қолғап, антисептик, барлық қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті. Бүгінде сіздердің әрқайсысыңыздан пандемиямен күресте бірлік пен төзімділік, өзара түсіністік пен қолдау қажет. Тек бірлесіп қана дәрігерлердің кеңесін орындай отырып, ауруға қарсы тұра аламыз», - деп атап өтті Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы.


Соңғы жаңалықтар