Байбек мемлекеттік басқарудағы әйелдер туралы: Халықтың ең белсенді, елжанды бөлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері партиялық тыңдауда өңірлердің жүйелі проблемалары анықталған зерттеу нәтижелерін талқылады. Шара барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Бақытты отбасы» жобасының басты міндеттерінің бірі – отбасы институтын қолдау және отбасылық құндылықтарды нығайту екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен бірге Бауыржан Байбек әйелдерді мемлекеттік басқаруға тарту қажеттігі жайын да тілге тиек етті.

«Елбасы-партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жылдар ішінде әйелдерді қолдау, әлеуметтік лифтілер ұсыну саясатын жүргізді. Әрбір мәслихаттың, Мәжілістің кем дегенде 30% әйелдер құрауы қажеттігін тапсырды. Мысалы, біздің аймақтардағы депутаттық корпусымызға қарайтын болсақ, ол 3 335 депутаттан тұрады. Яғни, әр мәслихатта 1 мыңға жуық әйел болады. Бұл дегеніміз – үлкен партиялық әлеуметтік лифт. Бұл - халықтың ең белсенді, еңбекқор және елжанды бөлігі болып табылады», - деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Ол сондай-ақ Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің қызметі кеңейіп, гендерлік саясат пен әйелдерді қолдау мәселелері де басты назарда болатынын айтты.

Өмірлік қиын жағдайларға душар болған отбасыларды және әйелдерді қолдау, балаларды қорғау жөніндегі жүйелі шаралар республикалық «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыруға арналған Жол картасында көрініс тапты. Кеңес мүшелері Жол картасы аясында еліміздегі 200 елдімекенді аралап, 1300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысына мониторинг жасады.

Мониторинг қорытындысы бойынша, балалардың құқықтарын қорғау заңнамасын жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар берілді. Аймақтардағы жұмыс нәтижелері бойынша «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа есеп берілді. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар үшін шаралар қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Бақытты отбасы» жобасы аясында 2019 жылдың 7 ақпанында құрылды. Ұлттық жоба ҚР Тұңғыш Президенті-партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан бастау алды. Жобаны іске асыру аясында балалар үйлерінің 1 мыңнан астам түлегі тұрғын үймен қамтамасыз етілді, жетім балаларға арналған 2 мыңға жуық білім беру-жинақтау салымдары ашылды, қиын-қыстау жағдайдағы 270 мың отбасы заңдық, психологиялық көмек алды.


Соңғы жаңалықтар