«Бауыржандай батыры бар ел бақытты!» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Ақпанның 11-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 11-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Кеңес одағының тарихта қалған ең соңғы баһадүр батыры Бауыржан Момышұлының алда келе жатқан 100 жылдық мерейтойына орай, алғашқылардың бірі болып, Мәскеудегі қазақ елшілігі Ресей астанасындағы ағайындармен бірлесе отырып, батыр баба есімін ұлықтаған. «Мәскеуде ұйымдастырылған бұл шара Бауыржан Момышұлы есімінің тек өз елінде ғана емес, көршілес Ресей тұрғындары есінде де мәңгілік сақталғанын паш етті», деп жазады басылым. «Бауыржандай батыры бар ел бақытты!» деген тақырыппен берілген мақаладан аталған іс-шараның қалай өткендігін егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Анкарадан Ахмет келді». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарияланған мақалаға елімізге ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың шақыруымен келген Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітұлының ресми сапары арқау болған. Басылымның жазуынша, Түркия сыртқы істер ведомствосы басшысының елімізге сапар бағарламасы шеңберінде Астана мен Анкара арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін Қазақстан басшылығымен бірқатар кездесулер жоспарланған. Сонымен қатар мақалада еліміз тәуелсіздік алғаннан бері орныққан екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға кеңінен тоқталған.

«Айқын» басылымы өткен бейсенбіде жарық көрген нөмірінде қазіргі уақытта төрткүл дүние құлақ түріп отырған қысқы Олимпиада ойындарының тарихы жайында қысқаша баяндаған болатын. Ал осы нөмірінде басылым тілшісі КСРО құрамасы сапында еліміз 1980 жылы Лэйк-Плэсидте, 1984 жылы Сараевода, 1988 жылы Калгариде, 1992 жылы Альбервилде қалай өнер көрсетті, ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1994 жылы Лиллехамерде, 1998 жылы Наганода, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде және 2006 жылы Туринде нендей табыстарға жетті деген сауалдарға жауап берген.

***

Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Самұрық-Қазына» АҚ әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің төрағалығымен кеңес өткенін жазған «Астана ақшамы» газетінің хабарлауынша, басқосу дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландырған Астана қаласындағы үлестік құрылыс нысандарын 2010 жылы аяқтау мәселелеріне арналған.

Үлестік құрылыс саласындағы түйткілдер жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Үлескерлер үміті үстем» деген тақырыппен басылған мақалаға назар аударыңыз.

«Күрес десе ішкен асын жерге қоятын қарға тамырлы қазағымыз табиғатынан күреске жақын халық» деп бастаған «Астана ақшамы» газетінің келесі мақаласы «Қазақ күресінің қаранары» деген тақырыппен берілген. Басылымның нысанаға алған палуаны - Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, жасөспірімдер және жастар арасындағы республика біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, қазақ күресі, самбо және дзюдо күрестерінен Қазақстаннң чемпионы, Азия чемпионы, қазақ күресінен әлем чемпионы Ғани Сейділдаев. Мақалада палуанның спорттағы жетістіктеріне кеңінен шолу жасалған.

***

«Нұр Астана» басылымы өзінің өткен нөмірінде домбыраны серік еткен бірқатар өнерпаздардың қазақтың ұлттық аспабы туралы ой-пікірлерін ұсынған болатын. Ал осы жолы гитараның «құлағында ойнайтын» өнер тарландарының пікірлері топтастырылып берілген.

Осы басылымда қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының бірқатар ой-толғамдары жарияланып отыр. Мәселен, оның «қазақ тілі қалаға келді деген сөз - мемлекеттік тіл дәрежесін көтеруге шешуші қадам жасалды деген сөз», «Еуроодақ дегеніміз не? Бұл - дамыған мемлекеттердің одағы. Біз сол еуропалық стандарттарға сай болсақ, онда біздің ұлтымыздың да, мемлекетіміздің де даму дәрежесі Еуропа халықтарының дәрежесімен тең болады. Біз жақсылыққа, ілгері дамуға ұмтылуымыз керек» деген сияқты ой-толғамдары берілген.

«ҚР Президенті Н.Назарбаев «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздегі жазалау жүйесіндегі айыппұлдар 5 пайыздан аз, түзету жұмыстары - 0,4 пайыз, қоғамдық жұмыстар - 0 пайыз. Қазір жазалаудың негізгі түрі - бас бостандығынан айыру болып отыр. Түрмеден босағандарды ешкім бақыламайды, соның нәтижесінде олар қылмыскерлер қатарын көбейте түседі», - деп атап өткен болатын», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Осыған орай басылым сотталғандарға рақымшылық жасалған күнде неден ұтамыз, неден ұтыламыз деген сауалдарға жауап берген. Басылымның пайымдауынша, ұтатынымыз: абақтыларда толып кеткен сотталғандар санын азайтып, түзету мекемелерінің нормаларын сақтап, еуростандартқа сәйкестендіруге болады, осы арқылы шетелдіктердің сыни көзқарасын оңалтамыз, бюджет қаржысын үнемдейміз, адамгершілік қағидаларын ұлықтайтындығымызды көрсетеміз, ал ұтылатынымыз: бейімдеу орталықтары болмағандықтан, олар қайта қылмыс жасап, қылмыскерлер саны күрт өсуі мүмкін, түрмеде туберкулезге шалдыққандар бостандыққа шыққан соң, қадағалаудан тыс қалып, ауру таратуы ықтималдығы жоғары болмақ.

Қазақстан мыс өндірісінің алпауыты «Қазақмыс» компаниялар тобын да дағдарыс айналып өтпегендігін жазған «Алаш айнасы» газеті оған дәлел ретінде бірнеше дерек келтірген. Мәселен басылымның келтірген деректеріне қарағанда, Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі дағдарыстың алдында, яғни 2008 жылы 5 пайызға артық өсім көрсетті. Дегенмен былтырғы жылдың екінші жартысында өндіріс қарқынының төмендеуі 4,5 пайызды құраған. Түрлі-түсті металлургия өндірісінде өнім көлемі 9 пайызға азайған. «Жезқазған түрлі-түсті металдар» өндірістік бірлестігі «Қазақмыстың» мыс өндіретін ең ірі бөлімшесі боп табылады. Бірлестік басшылығы былтырғы жылдың басында жаңа жағдайға байланысты арнайы дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдап, қуат үнемдеу, жұмыс уақытын тиімді пайдалану секілді шараларды қолға алып, шығындарды айтарлықтай азайтқан. Басылымның нақты деректерді арқау өте отырып жазған мақаласы «Отандық металлургия: Жезқазғанның мысын түсімізде көріп жүрмейік» деген тақырыпппен басылды.

«Экономика» басылымының жазуынша, таяуда көрші Қытай елінде жарық көрген «Гүлбике» фильмінің алғашқы көрсетіліміне Бейжіңдегі алпыс шақты шетелдік дипломат қатысқан. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшісі де болды. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының көркем табиғаты аясында түсірілген фильм қазақ қызының әнші болу жайлы арманын қалайша жүзеге асырғаны туралы әңгімелейді. Фильм этникалық топтың дәстүрлі өмір салтын суреттеу үшін ежелгі ауыз әдебиеті стилін пайдаланған. «Қазақстанның Қытайдағы елшісі Икрам Адырбеков былай деді: «Бүгінгі қоғамда дәстүрлі мәдениетті сақтау барған сайын қиын болып барады. Фильм режиссері Шыңжаңдағы қазақ этникалық халқының дәстүрлі өмір салтын түсіріп алып, көрсетуге тырысып, соншалықты сыйлауға тұрарлық талпыныс жасаған». «Гүлбике» Қазақстанда таяу уақытта ресми түрде көрсетілетін болады», деп жазады басылым.

«Казахстанская правда» газетінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан кәсіпкерлері форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталовты қабылдаған. Кездесу барысында қазақстандық бизнесті дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлердің Қазақстан экономикасын индустрияландыруға қатысу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, сауда кәсіпорындарының отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру қажеттігі туралы сөз болды», деп жазады басылым.

«Литер» басылымының бүгінгі нөмірінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесі жанындағы Жауынгер интернационалистер істері жөніндегі комитеттің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушиевпен арадағы сұхбат жарияланған. Мақала авторы генералдың ауған соғысының басты сабағы кез келген проблеманы әскери іс-қимылдар арқылы емес, дипломатиялық, саяси, экономикалық тәсілдермен шешу керектігін түсіндіруі болды, армия - әлемде ойлап табылған аса дөрекі күш деген сөздеріне баса назар аударған.

Алматы қаласының әкімі А.Есімовтің оңтүстік астана тұрғындары алдындағы есептік кездесуіне «Литер» және «Известия-Казахстан» басылымдары тоқталған. Тұрғындардың сан түрлі сауалдарына тұщымды жауап берген қала басшысы таяу арада Алматыда жаңа индустриялық аумақ құрылатындығын атап өткен.

Соңғы жаңалықтар