Бауыржан Шүкенов: Қазақ киносына жаңаша үрдістер қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақтың кино саласы сыртқы да, ішкі де сын-қатерлерге бейімделуі тиіс. Пандемия, кинотеатрлардың жабылуы, одан кейінгі интернет-платформаларға деген үлкен сұраныс – осының барлығы өндірістік компанияларды, кинотеатр иелерін, дистрибьюторларды алаңдатады. «Арман» кинотеатрының атқарушы директоры, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Бауыржан Шүкенов киноиндустрияда қалыптасқан жағдайға көзқарасын білдіріп, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бастамалары туралы өз пікірімен бөлісті.

- Бауыржан Камалұлы, Кино орталығының алдағы жоспарында біздің киноның өзекті мәселелері талқыланатын ашық қоғамдық пікірталас алаңын іске қосу бар. Киноны дамыту бойынша барлық тілектер, ұсыныстар мен идеялар қамтылатын эпицентр болса керек. Қалай ойлайсыз, бұл құралдың жұмыс істеуі мүмкін бе?

- Бұл бастама орынды және дұрыс деп есептеймін. Мемлекет кино өндірісін қаржыландырады, сол киноны түсіретін тәуелсіз компаниялар пайда болды, жеке кинопрокат бар, кинотеатрлар бар, осы процесске қатысатын көрермендер де бар. Сондықтан, киноны түсірушілер өнімді кім үшін және не үшін жасап жатқандарын, ал прокаттаушылар мен сатушылар кино өндіру саласында қандай жаңашылдықтар бар екенін түсінулері үшін, көрермендер экранда не көргілері келетіндіктерін жеткізе алуы үшін мұндай жүйе міндетті түрде қажет.

Кинотеатралды прокаттың күшті бәсекелесі интернет, стриминг алаңдары екенін жақсы білеміз. Ол жерде кинотеатрдағыдай контентті көруге болады. Егер бұрын кинотеатрлар «кинотеатрлық терезе» түріндегі артықшылыққа ие болса, яғни тұсаукесерлік көрсетілімдерді жасаған болса, қазір ол пандемияға байланысты артта қалып барады. Сондықтан, осындай пікірталас алаңын құру өте дұрыс. Кино орталығы — ұлттық киноны қолдау мәселесімен айналысатын бірыңғай оператор, және ол жақын арада тиісті үрдістерді қалыптастыруы тиіс.

- Кино нарығының тікелей қатысушысы ретінде, осы платформаның базасында қандай өзекті және негізгі мәселелер бірінші болып көтерілуі керек?

- Барлық қауымдастықтың атынан сөйлеу мен үшін қиын. Бұл жерде жаһандық мәселе тұр. Классикалық кинематограф, мәдениеттің бір бөлігі ретінде, қазір қаншалықты сұранысқа ие, болашақта ол қандай формада болады, қандай тенденциялар бар, кинотеатрлардың монополиясын бұзған интернетті ескере отырып қандай жолмен жүру керек. Бұл жаһандық мәселе екендігін қайталап айтамын. Екіншісі – ол кинотеатрға келуге дайын, бірақ өте талапшыл көрермен. Ол кез-келген уақытта стриминг платформаларында бірдей контентті көре алады, олардың өндірістік мүмкіндіктері киностудияларға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Қазіргі заманда, адамдардың өзін-өзі көрсету мүмкіндіктері көбірек, жаңа кино тілі, жаңа визуалды тізбек пайда болады, ол көрермендердің талғамын қалыптастырады. Әрине, көрермен оған үйреніп, сол нәрселерді кинотеатрдағы экранда көргісі келеді. Және экранда керемет көрінуі үшін, «кино» режиссерлары көрерменнің көзі үйренген туындылар мен өз туындылары арасындағы алтын қиманы қалай таба алады деген сұрақ туындайды. Ол тіпті көрермен күтпеген нәрсе болуы да мүмкін. Бірақ, жаңа шешімдерді, жаңа идеяларды, тиісті инвестицияларды іздеу қажет. Жағдай осындай.

Ал егер дистрибьюторлардың көзқарасынан айтатын болсақ, бұл жерде дистрибьюторлық институт аз сұранысқа ие болады деп нақты болжануда. Неге? Өйткені, интернет, заманауи стриминг алаңдары кинотеатрларға өз репертуарын дистрибьюторсыз, көрермендерге қызықты етіп қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кинотеатр қай фильмнің кең әлемдік прокатқа шығатынына тәуелді болмайды, ол тек өз қаласында, оның ауданында тұратын көрерменге оның кинотеатрына келуге қызықты болуына мүдделі болады. Міне, үрдістер осындай, және оларға дайын болу керек. Сондықтан, бәріміз де өзгеруіміз керек.

- Дегенмен, ойыңызды тереңірек қазбалап көрсек, қай бағытта өзгеруіміз керек? Бұл жерде бәсекелестікте жұтылып кетпей, «аман қалу» туралы сұрақ тұрған жоқ па? Пандемия әлі де созылатынына байланысты, дағдарысқа қарсы жоспарлар бар ма?

- Дұрыс айтасыз, қазір тек бір жоспар бар – осындай жағдайларда «тірі қалу». Айналаның бәрінде шектеу қойылуда. Кинотеатрлар ашылмаса, контент болмаса, әлемдік студиялар барлық ірі тұсаукесерлерді кейінге қалдырып жатса, мұндай жағдайда тек аман қалу міндеті тұр. Кинотеатр – бұл репертуарсыз, жеке өзі ғана жұмыс істей алмайтын құбылыс. Дегенмен, кез-келген дағдарыс – бұл жаңа жолдар мен шешімдерді іздеу, көрермендермен жұмыс жасауда индустрия субъектілерінің ескі, таныс қатынастарын бұзу, оны киноға қалай қызықтыруға болатындығын іздеу, сонымен қатар кино көрсету және кино өндірісі технологияларындағы өзгерістерге дайын болу мүмкіндігі.

Кино және кино жабдықтарының ірі өндірушісі Christie өткен жылы кинотеатрға контентті көрермен залында емес, үйде отырған көрерменге, оның гаджеттеріне, телефонына, компьютеріне, теледидарына жеткізуге мүмкіндік беретін стриминг серверін патенттеді. Мұндай мүмкіндікке HBO, Disney+, Netflix, Amazon сияқты атақты алаңдар ғана емес, кинотеатрлар да ие болады. Яғни, кинотеатрдың жеке рөлі артады. Кинотеатрдың «кітапханасы» қаншалықты ауқымды және қызықты, көрермен үшін қаншалықты тартымды, кинотеатр фильмді көрсетуге және оның жанында тұратын тұтынушылары үшін тұсаукесерді көрсетуге қаншалықты мүмкіндіктері бар?! Міне, осындайларды ескере келсек, қазірдің өзінде, көрерменді киноға қалай тарту керектігі туралы көзқарас өзгеруі керек. Біз, әрине, болашақ туралы айтып жатырмыз, бірақ мұндай үрдістерге қазірден дайындалу керек, осы қызығушылықты қалыптастыру қажет.

- Теориядан тәжірибеге қалай көшеміз? Мысалы, Кино орталығының «Қазкино» құрылымын ашу туралы бастамасы бар екен. Бұл дистрибуцияға, жалға беруге, барлық бастамаларды жүзеге асыруға жауап беретін ұйым. Мұндай құрылым қажет пе, ол сіз айтып отырған мәселелерді шешуге көмектесе ме?

- Жалпы, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы сияқты органды құру, «Кинематография туралы» тұтас Заңның қабылдануы, ең алдымен, кино саласында болып жатқан процестерді реттеуді, құрылымдауды, мемлекеттік қолдауды, мемлекеттік басқаруды жетілдіруді көздейді. Өндіріс, дистрибуция, кинокөрсетілім, басқа да бастамалар мәселесі, сондай-ақ, қазіргі кездегідей барлық өзгерістер мен дағдарыстарға дер кезінде әрекет ету осындай жағдайларда біздің қазақстандық киноиндустрияның барлық субъектілерінің қызметін жетілдіруді көздейді. Менің білуімше, болашақта «Қазкино» сияқты құрылым кинокөрсетілім әлі күнге дейін қолжетімсіз болып отырған аудан орталықтарында, моноқалаларда және елді мекендерде кинозалдар құрылысын субсидиялау мәселелерін шешу жолдарын іздейтін болады. Сондай-ақ, «100 халық кинотеатры» бастамасы жарияланған. Оны іске асыру кинофикациялау саласында да, жоғарыда аталған елді мекендерде мәдени бос уақытты ұйымдастырудың өткір мәселесін шешуде де елеулі серпіліс болады.

Қазақ киносының «алтын қорын» кейіннен цифрландыра отырып, Ресейдің Мемлекеттік Кино Қорынан қайтару және осы негізде Францияда жасалған және табысты жұмыс істейтін цифрлық Синематиканы құру мәселесі өте маңызды. Біз бұл мәселеге қатысты көптеген жылдар бойы белгілі бастамаларды естіп келеміз, бірақ әлі де түбегейлі шешімді көріп отырған жоқпыз.

Мен көптеген сұхбаттарымда біздің бүгінгі киномыз, тек фестивалдік қана емес, барлық жағынан алғанда ресейлік және еуропалық киноларды отандық кино нарығынан шығарып, маңызды ойыншыға айналғанын бірнеше рет атап өттім. Менің ойымша, қазір өзімізді ең маңызды халықаралық кино нарығында жариялайтын, яғни біздің фильмдерімізді басқа елдерге сату бойынша жұмысты ретке келтіретін уақыт келді. Мұндай жұмыс бұрын жүргізілген жоқ деп айтуға болмайды, бірақ мемлекеттің қолдауы мен оның үздік мамандарды тарту бойынша мүмкіндіктеріне ие бола отырып, «Қазкино» сияқты құрылым біздің киноны елден тыс ілгерілету бойынша маңызды ойыншы бола алады, сондай-ақ өзінің ықпалы бойынша Қазақстанда жұмыс істейтін ірі голливудтық компаниялардың өкілдерін де басып озуы мүмкін.

Мұндай құрылымды құру жөніндегі бастама дұрыс, салмақты көзқараспен және сауатты іске асырылса, елдің киноиндустриясын нығайта алар еді.

- Бауыржан Камалұлы, қалай ойлайсыз, нарық сапа, жанр, заманауи технологиялар және т. б. жағынан өзгерістер жасауға дайын ба? Мысалға, Кино орталығының басшысы Есетжан Қосыбаев телевизиялық және ойын форматындағы киноспектакльдерді түсіруді ұсынып отыр.

— Бұл негізінен қиын сұрақ. Меніңше, сапа, жанр, заманауи технологиялар жағынан өзгерістер жасап көрмесек, біз аман қала алмаймыз, және қазіргі дағдарыс бұл туралы байыппен ойлануға итермелейді.

Сіз айтып отырған киноспектакльдер – альтернативті контент. Бұл біздің мәдениетіміз үшін өте қызықты, ол бар және кинотеатр белгілі бір мәдениетті көтеріп, қалыптастыра бастайтын тағы бір алаңға айналады, бірақ біздің жергілікті мазмұнымызда. Театр, опера, балет, спектакльдердің кинотеатрларда көрсету тәжірибесі де бар - біз мұны жасадық. «Арманда» да, басқа желілерде де көрсеттік. Неліктен біз «Ла Скала», «Корольдік опера», орыс немесе ағылшын театрларының ең жақсы драмалық қойылымдарын көрсетеміз, бірақ өзіміздің туындыларды, өнерімізді көрсете алмаймыз? Біздің де көрсетуге тұрарлық туындыларымыз бар, сол «Астана опера», «Астана балет», Алматыдағы опера және балет театры, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры және тағы басқалары да толып жатыр. Негізінде, мазмұн бар, ол әр түрлі, енді оны практикалық идеяларға жинақтау керек, сосын әрі қарай дамып, жүре аламыз. Және осының барлығы жиынтығында біртіндеп біздің индустриямыздың жаңа тұлғасына айналуға тиіс, кинотеатр барған сайын көбірек өзгеруге, трансформациялануға тиіс. «Невафильм» компаниясының басшысы Олег Березин айтқандай, «мультиплекстен» «мультимәдени платформаға» дейін, мәселенің осындай тұжырымынан туындайтын үрдістер бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар