Бауыржан Байбектің шымкенттіктермен кездесуінде қандай мәселелер көтерілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясы басшылығының аймақтарға сапары осы аптада еліміздің оңтүстік өңірлерінде жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек алдымен Шымкентке ат басын тіреп, қаладағы бірқатар проблемалық нысандарды аралады. Сондай-ақ бүгін кезектен тыс конференцияда Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қалалық филиал төрағасы болып сайланды.

Б.Байбек жұмыс сапарын Абай ауданындағы М. Водопьянов көшесінде өткен жылы үйлері өртенген тұрғындармен кездесуден бастады. Бұл проблемалық нысан партия Төрағасының бірінші орынбасарының алдыңғы сапарының қорытындысы бойынша қыркүйекте партиялық бақылауға алынған болатын. Қазіргі уақытта «Отау строй» құрылыс компаниясы тұрғын үйдің іргетасын қалап, екінші қабатына құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде.

«Елбасы айтқандай, «Nur Otan» – нақты істердің партиясы. Сондықтан осы мәселені бақылауда ұстап, арнайы келіп, өздеріңізбен кездесіп отырмыз. Көріп отырсыздар, компания бар, қаражат бөлінген, құрылыс жүріп жатыр. Бұл мәселе партияның бақылауына алынған. Бізбен бірге қала әкімінің өзі келіп отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Бәрі заң шеңберінде шешіледі», – деді Бауыржан Байбек.

Жергілікті биліктің мәліметіне қарағанда, 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысына жуырда бюджетті нақтылау кезінде қажетті қаражат бөлінеді. Тұрғын үй жыл соңына қарай пайдалануға беріледі.

Бұдан кейін Б. Байбек қалаға бес жыл бұрын қалаға қосылған «Таскен» ықшамауданына барды. Мұнда 2 мыңға жуық үй мен бірқатар әлеуметтік нысан электр энергиясының ара-тұра өшуінен қиындық көріп отыр.

«Шағынауданда тиісті жұмыстар жүргізілуде. 2000 үй деген - үлкен шаруа. Газ шешілуде, су шешіліп жатыр. Қалған мәселелер де ретімен шешіледі. Қыркүйек айына дейін жергілікті монополист «Оңтүстік Жарық Транзит» 270 миллион теңгеге 39 км жаңа желі тартуды және 9 трансформатор орнатуды жоспарлап отыр. Тарифтердің ашықтығы мен коммуналдық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету мақсатында «Nur Otan» бастамашылық еткен «Айқын тариф» жобасының аясында біз бұл мәселені партиялық және қоғамдық бақылауда ұстаймыз, - деді Бауыржан Байбек.

Кездесу кезінде тұрғындар басқа да түйіткелдерді, соның ішінде шағынаудандағы жолдардың сапасына қатысты мәселелерді ортаға салды. Жергілікті биліктің айтуынша, көктемде осындағы бірнеше көшені жөндеу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының белсенді тұрғындарымен, зиялы қауыммен, жастармен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірнеше кездесу ұйымдастырып, өзекті мәселелерді бірлесе талқылады. Олардың қатарында қаланың дамуы, инженерлік және жол инфрақұрылымы, денсаулық сақтау және мәдени-әлеуметтік жағдайы, идеология саласы, руханият жайы бар. Бауыржан Байбек жұртшылық көтеріп отырған мәселелердің барлығы әзірленіп жатқан қаланы дамытудың 5 жылдық бағдарламасына енетінін атап өтті.

Басқосуда зиялылар мен ел ағалары да өз сауалдарын қойып, ойларын ортаға салды. Әсіресе, елде идеологиялық жұмыстарды жолға қою, телеарналарды арзанқол, татымсыз хабарлардан арылтып, пайдалы ақпаратпен толтыру, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, төтенше жағдай, жол полициясы және басқа да сала қызметкерлеріне алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйрету секілді ұсыныстар берілді.

«Елбасы-партия Төрағасының тапсырмасы бойынша, біз барлық өңірлердегі осындай «әлсіз тұстарды» орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүйелі шешу үшін анықтаймыз. Бұл мәселеде халық белсенділік танытады деп үміттенеміз. Біз бірге, диалог және өзара сенім арқылы ғана ел Президенті ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра аламыз», – деді Б. Байбек.

Еске сала кетейік, Елбасы тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы бірнеше айдан бері Үкіметпен және өңірлік филиалдармен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға аудандарды, қалаларды және облыстарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған бағдарламаларда әрбір жекелеген өңірдің жергілікті ерекшеліктері ескеріліп, азаматтардың нақты қажеттіліктері көрініс табатын болады. Осы жұмыстардың аясында «Nur Otan» партиясының басшылығы еліміздің барлық өңірін, тіпті шалғай елді мекендеріне дейін аралап шығады. Бүгінгі шаралар біте салысымен Бауыржан Байбек Түркістан облысына жұмыс сапарымен жол тартты.


Соңғы жаңалықтар