Бауыржан Байбек Отырардың зиялы қауымы өкілдерімен кездесті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына сапары барысында Отырар ауданында болып, өңірдің зиялы қауымы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен партиялық тапсырмалардың орындалу барысын баяндады.

Өз кезегінде сөз алған Бауыржан Байбек еліміздің бас партиясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлы тапсырмаларды тілге тиек етті. «Nur Otan» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, биыл елімізде партияның ұйытқы болуымен 77 айтыс өтеді.

«Біз айтыс өнерін қолдау арқылы өзіміздің мәселелерді ашық көтереміз. Сол үшін айтыскерлерді қолдаймыз. Жалпы айтыс – қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі. Сондықтан оны қолдау керек. Халық оны жақсы көреді», - деді Бауыржан Байбек.

Кездесу барысында аймақтың бүгінгі жай-күйі мен өңірдің қалыптасу кезеңіндегі толайым тірліктер, көпті толғандырып жүрген мәселелер мен руханият, тіл, әдебиет жайы қамтылды. Елдің ынтымағы мен бірлігін нығайту тарапындағы ұсыныс пікірлер де ортаға салынды. Мәселен, жазушы Мархабат Байғұт Түркістан қаласынан «Әдебиет әлемі» орталығын ашуды ұсынды. Егер бұл жоба жүзеге асса, бүгінде ғимаратсыз жүрген жазушылар мен журналистер одағының филиалдары сонда орналаса алады. Жаңа облыс орталығының әдеби ортасын қалыптастыруға ықпал ететін еді деп есептейді жазушы.

Сонымен қатар, онда түрлі әдебиет үйірмелері ашылып, жас айтыскерлер мен жазба ақындар, жазушылар бас қосатын өнер орталығына айналар еді деп тоқтады. Еркін пікір алмасу форматында өткен басқосуда өңір зиялылары облыс көлеміндегі мәселелермен қатар, жалпы ел дамуына, мемлекетті өркендетуге қатысты өз ойлары мен ұсыныстарын да бүкпесіз талқылады.

Соңғы жаңалықтар