Батыс өңірлерде ішкі жолдардың сапасы төмен – Бейбіт Атамқұлов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында жергілікті маңыздағы жолдардың сапасы төмен. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті жолдар ұзындығы 71 мың шақырымды құрайды. Атқарылған жұмыстар есебінен өткен жылдары жергілікті жолдардың 75 пайызы (53 мың шақырым) нормативтік жағдайға келтірілді. Бүгінде өңірлер арасындағы облыстық және аудандық жолдардың жағдайы әртүрлі. Мәселен, ең төмен көрсеткіштер - Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында», - деді министр.

Ведомоство басшысы Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарында жолдарды жақсартуға қаржы бөлу кезінде тепе-теңдік қағидаты сақталмайтынын атап өтті.

«Биыл жергілікті жолдар желісін дамытуға – 119 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 52 млрд теңге, жергілікіт бюджеттерден - 67 млрд теңге.Бөлінген қаражат есебінен жол жөндеу жұмыстарының барлық түрімен 1,3 мың шақырым жол қамтылады. 150 шақырым жаңадан салынса, 1 150 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Еске салсақ, Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жергілікті әкімдіктерді жол бойында көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға шақырған болатын.

Сондай-ақ, ведомство басшысы елдегі ақылы жолдардан қанша қаражат түсетінін баяндады.



Соңғы жаңалықтар